Темірдей төзімді әйел: дәнекерлеуші Бақыткүлдің өмір жолы
- авторБақытжан Бекболат
- 14 мамыр, 2025
- 151

Осы салада 45 жыл еңбек еткен Бақыткүл Бегалиева бізге өз жолы мен тәжірибесі жайлы Jambylinfo.kz-ке сұхбат берді.
Бақыткүл Тұранқызы Құлан ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі механизатор, анасы колхозшы болған қарапайым шаруалардың қызы үшін еңбек – өмірдің негізгі заңдылығы. Мектепті 8-сыныпта бітірген соң, оқудан жалыққан ол техникалық училищеге түсуді жөн көрді. Бұл шешімі кейінгі өмірінің кәсіби бағытын айқындады.
– Қыз баласы үшін темір дәнекерлеу оңай емес екенін жақсы білемін. Бірнеше рет тоқ ұрып, құлап қалғаным да болды. Бірақ бұл кәсіп – шыдамдылық пен жігерді талап етеді. Мен өзім таңдаған мамандығымды барынша меңгеруге тырыстым, – дейді Бақыткүл ана.
1979 жылы ол Жамбыл қалалық техникалық кәсіптік училищесіне оқуға түсіп, 1982 жылы төртінші разрядпен тәмамдады. Одан кейін Қарағанды индустриалды педагогикалық техникумына түсіп, білімін тереңдетті. Білім алу барысында көптеген қиындыққа кезіккенімен, әкесінің қолдауы мен өз талпынысы оны тоқтатпады.
– Оқу қиын болды. Бірде «Әке, мен қателестім, училище мен үшін емес, 9-сыныпқа қайта барайын» дедім. Әкем қатты әрі әділ болды: «Жоқ, оқисың!» – деді. Сол сөз мені жігерлендіріп, әрі қарай білім алуымды жалғастырдым. Орыс тілін де сол кезде меңгердім. Көп қыздар жолдан тайып, оқудан кетіп жатты, ал мен төтеп бердім, – дейді Бақыткүл.
Практикалық жұмыстар кезінде де ауыртпалықтар жетерлік болды. Құрылыс алаңында темірлерді көтеріп, ұзақ уақыт бойы дәнекерлеумен айналысты. Жазғы демалысын еңбекпен өткізіп, шеберлігін арттырды. Кейде тоқ ұрып, құлап та қалған кездері болды, бірақ төзімділігі мен табандылығы оған көмектесті.
1985 жылдан бастап Бақыткүл еңбек жолын Кәсіптік техникалық №3 училищеде өндірістік шебер ретінде бастады. Кейінгі жылдары №2 училище, «Аулие-ата» және «ПША-6» колледждерінде еңбек етті. Ол өз кәсібінің қыр-сырын шәкірттеріне үйретіп, олардың кәсіби біліктілігін арттыруға үлкен үлес қосты. Оның тәрбиесіндегі жүздеген шәкірт бүгінгі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде дәнекерлеуші мамандары ретінде еңбек етуде.
2014 жылы Таразда ашылған химия технологиялық колледжі мен политехникалық колледж бірігіп, жұмысшы және орта арнайы мамандар даярлауды қолға алған соң, Бақыткүл аға шебер лауазымына дейін көтерілді. Ол оқыту үрдісінде шәкірттеріне заманауи технологияларды үйретіп, тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге баса назар аударды.
Еңбегі еленіп, «Білім саласының үздігі» атанған Бақыткүл ана көптеген марапаттарға ие болды. Оның басты мақтанышы – шәкірттерінің жетістіктері мен олардың кәсіби өсуі. Қиыншылыққа мойымай, табанды еңбек ете отырып, отбасын да ұмытпады. Балалары мен немерелерін өсіріп, оларға жақсы тәрбие берді.
– Қазір жолымды ұлым Нұрғалы жалғастыруда. Ол Астана қаласында жеке кәсіпкер, кәсіби мамандар даярлаумен айналысып жатыр. Бұл мен үшін үлкен қуаныш пен мақтаныш, – дейді Бақыткүл.
Бақыткүл Бегалиева – темірден түйін түйген қайсар ана, табанды еңбеккер, тәлімгер әрі ұстаз. Оның өмірі мен еңбегі көптеген жастарға үлгі. Ол әйел затының қиын әрі ауыр саланы таңдап, соны жетік меңгеріп, биік шыңдарға жеткенін дәлелдеді. Оның тәрбиесіндегі шәкірттер еліміздің ірі құрылыс және өндіріс нысандарында еңбек етіп, оның рухын әрі қарай жалғастыруда.
Бұл әңгіме – табандылық пен еңбекқорлықтың, әйел затының қайсарлығы мен ұстанымының жарқын мысалы. Бақыткүл ана – заманауи қоғамның нағыз батырларының бірі.