сәрсенбі, 19 наурыз, 2025 14:51

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Меркілік кішкентай ғалымдар жемістер мен көкөністерден электр қуатын өндірді

Меркілік кішкентай ғалымдар жемістер мен көкөністерден электр қуатын өндірді
Jambylinfo.kz
Жобаның негізгі мақсаты – көкөністер мен жемістерден батарея жасау. Олар картоп, лимон, қызылша, пияз, тұздалған қияр және тағы басқа өнімдерді пайдаланып, олардың кернеу өндіру қабілетін салыстырды. Сонымен қатар, әр көкөністің ішіндегі қышқыл мөлшерінің ток өндіруге әсерін зерттеп, нәтижелерін мұқият жазып отырды.

Жамбыл облысы, Меркі ауданы №5 Ақарал жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясының үшінші сынып оқушылары Бейсен Айсезім мен Ермек Айсезім электр энергиясын экологиялық таза жолмен өндіру бойынша ерекше ғылыми зерттеу жүргізді. Олардың жетекшілері – бастауыш сынып мұғалімдері Ермаханбетова Шынар Абдикеримовна мен Бабижанова Райхан Жолдасовна.

«Біз ата-анамыздан үнемі «Батареяны дұрыс тастау керек, әйтпесе қоршаған ортаға зиян келеді» дегенді еститінбіз. Бірақ оның нақты қалай зиян келтіретінін білгіміз келді. Кейін сабақта жемістер мен көкөністер де ток шығара алатынын оқып, бұл тақырыпқа қызығушылық таныттық», – дейді Бейсен Айсезім.

Жас зерттеушілер алдымен батареяның жұмыс істеу принципін зерттеді. Луиджи Гальвани мен Алессандро Вольтаның тәжірибелерімен танысып, электр тогының пайда болу заңдылықтарын түсінді. Сондай-ақ, олар қазіргі заманғы батареялардың құрамы мен олардың қоршаған ортаға тигізетін әсерін зерттеді.

Жобаның негізгі мақсаты – көкөністер мен жемістерден батарея жасау. Олар картоп, лимон, қызылша, пияз, тұздалған қияр және тағы басқа өнімдерді пайдаланып, олардың кернеу өндіру қабілетін салыстырды. Сонымен қатар, әр көкөністің ішіндегі қышқыл мөлшерінің ток өндіруге әсерін зерттеп, нәтижелерін мұқият жазып отырды.

«Біз мультиметр арқылы кернеуді өлшедік. Ең көп ток тұздалған қияр мен пияздан шықты. Лимон да жақсы нәтиже көрсетті, ал картоптың да жоғары кернеу бере алатыны біз үшін таңғаларлық жаңалық болды. Кейін біз бірнеше көкөністі бір тізбекке қосып, олардың бірге қалай жұмыс істейтінін тексердік», – дейді Ермек Айсезім.

Оқушылар жемістерден алынған электр энергиясын тәжірибеде қолдану үшін бірнеше батареяны тізбекке қосып, жарықдиодты шамды жақты. Кейін олар кішігірім сағатты қуаттандыруға тырысып, алғашқы нәтижелерін тіркеді. Бұл тәжірибелер болашақта осындай батареялардың шағын құрылғылар үшін тиімді қуат көзі бола алатынын көрсетті.

«Балалардың ғылымға деген қызығушылығы бізді қатты қуантады. Олар әр тәжірибеден кейін өз қорытындыларын шығарып, жаңа сұрақтар қойды. Бұл зерттеу оларға экологиялық мәселелер туралы ойлануға және шығармашылық тұрғыда шешім іздеуге мүмкіндік берді», – дейді жетекші мұғалімдері Ермаханбетова Шынар Абдикеримовна мен Бабижанова Райхан Жолдасовна.

Жоба нәтижесінде оқушылар жемістер мен көкөністердегі қышқыл мөлшері олардың электр энергиясын өндіру қабілетіне әсер ететінін анықтады. Сонымен қатар, батареялардың қоршаған ортаға зияны көп екенін дәлелдеп, оларды экологиялық таза қуат көздерімен алмастыру қажеттігін көрсетті. Оқушылар өздерінің жұмыстары арқылы қоршаған ортаны қорғауға үлес қосқысы келетінін атап өтті.

Кішкентай өнертапқыштар болашақта табиғи батареяларды жетілдіруді көздеп отыр. Олар электр энергиясын көкөністерден тұрақты түрде алудың жаңа әдістерін зерттеп, тәжірибелерін кеңейтуді жоспарлап отыр.

«Келесі қадамымыз – жеміс батареяларын сағат пен шағын құрылғыларды қуаттандыру үшін пайдаланып көру. Егер бұл мүмкін болса, біз экологияға үлес қосатын экологиялық таза энергия көзін жасай аламыз! Сонымен қатар, біз электр қуатын ұзағырақ сақтайтын табиғи материалдарды зерттеуді жоспарлап отырмыз», – дейді Айсезімдер.

Осылайша, жас зерттеушілер үлкен ғылыми жаңалық ашуға алғашқы қадамдарын жасауда. Мүмкін, болашақта олардың идеялары жасыл энергия саласындағы жаңа технологиялардың дамуына ықпал ететін болар.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар