Ғылым және жоғары білім министрлігі мектеп бітіруші түлектерге үндеу жасады
- авторБақытжан Бекболат
- 27 мамыр, 2025
- 383

Ғылым және жоғары білім министрлігі қазақстандықтарға университеттерге, соның ішінде шетелдік оқу орындарына түсуге көмектесеміз дейтін орталықтарды таңдау кезінде сақ болуға кеңес берді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Министрліктің мәліметінше, мұндай компаниялардың қызметіне қатысты әлеуметтік желілерде шағымдар көбейген.
«Әлеуметтік желілерде жоғары оқу орындарына, соның ішінде шетелдік университеттерге түсуге көмектесетін ұйымдардың қызмет сапасына қатысты шағымдардың көбейгеніне байланысты Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі ескертеді: аталмыш ұйымдар жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша білім беру қызметін жүзеге асыратын оқу орындары болып саналмайды және сәйкесінше міндетті лицензиялауға жатпайды. Азаматтарды білім беру қызметтерін таңдауда және шарттар жасасуда мұқият болуға, сондай-ақ қажет болған жағдайда құзыретті органдардан кеңес алуға шақырамыз», – деп хабарлады министрлік.
Бұған дейін елорда тұрғындары шетелдік оқу орындарына түсушілерді дайындаймыз деген орталықтың үстінен полицияға ұжымдық шағым түсірген. Олардың айтуынша, орталық алаяқтықпен айналысқан.