Қазақстанда ауыл тұрғындарына арналған "Онлайн медицина" жобасы іске қосылды
- авторБақытжан Бекболат
- 16 қыркүйек, 2025
- 378
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі ауылдық және шалғай өңірлердің тұрғындарын сапалы медициналық көмекпен қамту мақсатында «Онлайн медицина» пилоттық жобасын іске қосты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жобаның басты мақсаты – үздік мамандарды тарту үшін телемедициналық технологияларды енгізу, диагноздарды нақтылау және уақтылы әрі тиімді ем тағайындауды қамтамасыз ету.
«Онлайн медицина» жобасы еліміздің сегіз өңірінде жүзеге асырылады. Олардың қатарында Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстары мен Астана қаласы бар. Жобаға әртүрлі деңгейдегі 100 медициналық ұйым қатысып отыр. Үйлестіруші ретінде Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы белгіленді.
Министрлік күтілетін нәтижелерді де жариялады. Жоба аясында ауылдық аймақтарда медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі артады, консультациялар мен емдеуді күту мерзімі қысқарады. Сондай-ақ халықтың денсаулық көрсеткіштері жақсарып, тұрғылықты жеріне қарамастан медициналық қызметтерге тең қолжетімділік қамтамасыз етіледі.
Сала мамандарының айтуынша, «Онлайн медицинаны» енгізу – денсаулық сақтау жүйесін цифрлық трансформациялаудың маңызды кезеңдерінің бірі. Бұл бастама ауыл тұрғындарына өз ауданынан шықпай-ақ дәрігерлердің кеңестеріне жүгінуге және қажетті зерттеп-қарауларға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Ұқсас жаңалықтар
МӘМС - денсаулық кепілі: тұрғындарға жүйенің артықшылықтары түсіндірілді
- авторСадуақас Айсұлу
- 4 желтоқсан, 2025





