Қазақстандықтар енді тісін емдету үшін зейнетақы жинақтарын қолдана алмайды
- авторМағжан Орынбасар
- 24 шілде, 2024
- 358
Соңғы уақытта елімізде стоматологиялық қызметке жүгінемін деп зейнетақы жинақтарын басқа мақсатқа жұмсайтындар көбейген. Министрлік олқылықты жою үшін бұл мүмкіндікті 6 ай пайдалануға шектеу қойды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, протездеу және тістерді имплантаттау бойынша қымбат тұратын стоматологиялық қызметтерге қаражатты пайдалануды 2024 жылғы 10 тамыз бен 2025 жылғы 1 ақпан аралығында уақытша тоқтата тұру жоспарлануда.
Біржолғы зейнетақы төлемдері жөніндегі уәкілетті оператор "Отбасы банк" АҚ ақпараты бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан қаражатты стоматологиялық қызметтерге пайдалану кезінде нысаналы емес шығару жағдайлары тіркелген.
Банктің мәліметінше, ол жүргізген қызметтік тексерулердің барысында жалған құжаттарды пайдалану және нақты медициналық қызметтерді көрсетпеу фактілері анықталды.
Осыған байланысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі "Емдеуге біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 15 ақпандағы № ҚР ДСМ-18 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" бұйрықтың жобасын әзірледі.
Осы бұйрықпен протездеу және тістерді имплантаттау бойынша қымбат тұратын стоматологиялық қызметтерге қаражатты пайдалануды - 2024 жылғы 10 тамыздан 2025 жылғы 1 ақпанға дейін алты ай мерзімге уақытша тоқтата тұру көзделеді.
- Осы уақыттың ішінде біржолғы зейнетақы төлемдері жөніндегі уәкілетті оператор БЖТ қаражатын мақсатсыз пайдалануға жол бермеу және стоматологиялық қызметтер көрсетудің ашықтығын қамтамасыз ету жөнінде тиісті жұмыс жүргізуге ниетті. Бұйрықтың жобасы 2024 жылғы 24 шілдеде талқылау үшін ашық нормативтік құқықтық актілер порталында орналастырылды,- деді ведмствоның баспасөз қызметі.