сенбі, 23 қараша, 2024 16:31

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Cоvid-19: Қателікті қайталамау қатердің алдын алады

Cоvid-19: Қателікті қайталамау қатердің алдын алады
ашық дереккөзі
Cоvid-19: Қателікті қайталамау қатердің алдын алады
Шартарапты шарпыған кесапат кесел дауылының қайта соғу қаупі күшейіп келеді. Қарқыны қатты бәлекеттің қатеріне ұрынбас үшін алдыңғы қателіктерді қаперге алып, сақтық шараларына баса мән берген жөн. Өкінішке қарай, еліміздің бірқатар өңірінде індет өршіп барады. Ал тұтас мемлекет эпидемиялық ахуал бойынша «сары аймақта» тұр.
Еліміздегі жайсыз ахуалды одан әрі ушықтырмау үшін індетке қарсы күресті жүйелі ұйымдастыруды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатаң қадағалап отыр. Бұрнағы күні арнайы жиын өткізген Президент жағдайды шынайы бағалап, соған сәйкес әрекет етуді, дайындық деңгейін әлі де көтеруді тапсырды. Аталған кеңесте Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдай мен қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Оның айтуынша, 16 қарашадағы эпидемиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес рес­публика «сары аймақта» тұр. Ал Шы­ғыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облысы инфекция таралу қаупі жоғары «қызыл аймаққа» енді. Орташа қауіпті «сары аймақта» тұрғаны – Павлодар, Ақмола, Қостанай облыстары, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары. Қалған өңірлер – салыстырмалы түрде инфекцияның таралу қаупі төмен «жасыл аймақта». Бұл ретте өңірлердегі ахуалдың кері кетпеуі үшін індет жұқтырғандардың нақты есебін жүргізуді барынша ескеру керек. Мемлекет басшысы бірқатар облыста коронавирус індеті жұқтыру жағдайларын жасыру деректері анықталғанын айтып, қатаң ескерту жасады. «Өтірікті шындай сөйлету аса қауіпті құбылыс екенін түсіну керек. Өйткені ол шынайы қауіптің бетін бүркемелейді. Сондай-ақ бүкіл еліміз бойынша коронавирус індетіне қарсы жүргізіліп жатқан күрес стратегиясына зиянын тигізеді. Қазіргі ахуал жете бағаланбай, қабылданған шаралар толық жүзеге асырылмай отыр. Халықтың індеттен сақтану деңгейі төмендеп кеткен. Бұл – аксиома. Мұндай жағдай әлемнің көптеген елінде байқалуда. Аталған проблеманың біздің денсаулық сақтау жүйемізде де созылмалы сипат алғанын мойындауымыз керек», деді Қ.Тоқаев. Індетке шалдыққандар саны артқан жағдайда, халыққа сапалы және уақ­тылы көмек көрсету үшін меди­циналық ұйымдар 71 мың төсектік орын дайындап отыр. Қазір инфекциялық төсектік орынның 21%-ында және реани­мациялық төсектік орынның 17%-ында пациент бар. Азаматтарға үйде меди­циналық көмек көрсету үшін көшпелі мобильді бригадалар дайындалды. Мобильді бригадалар биыл шілдеден бері 280 мыңнан аса қызмет көрсетті. «Шілде айымен салыстырғанда қазір жедел медициналық көмек шақырушылар саны 43,8%-ға, ал КВИ бойынша 79%-ға төмендеді. КВИ-мен ауыратын науқастарға консультациялық көмек көрсету үшін өңірлік және республикалық сараптамалық топтар құрылды, өңірлік Call-орталықтардың және 1406 бірыңғай байланыс орталығының жұмысы күшейтілді. Сонымен қатар ПТР-тестілеу қуаты артты. Cоvid-19 індетін диагностикалауға тәулігіне 76 мыңнан аса тест жасайтын 140 зертхана тартылған. 1 қазанмен салыстырғанда 100 мың тұрғынға шаққанда тестілеу қуаты 1,7 есе артып, тестілеумен қамту 3,6 есе көбейді», деді министр. Індет елімізде алғаш кеңінен жайы­ла бастағанда дәрі-дәрмек тапшы­лығы сезіліп, халықтың ашу-ызасын тудырған еді. Бұл қателіктің де қай­таланбауын жіті қадағалау маңыз­ды. Президенттің тапсырмасымен ПТР сынамалары мен медициналық маска­лардың бағасы төмендетілді. Енді Мемлекет басшысы осындай жұ­мыстарды медициналық дәрі-дәр­мектерге, ең алдымен, коронавирусқа қарсы медикаменттерге қатысты жүр­гізу­ді тапсырды. Дәрі-дәрмек қорының барынша ортаймауын қаперде ұстап отырған Ден­саулық сақтау министрлігі дәрілік заттар мен медициналық бұйым­дар­ды ел аумағынан сыртқа тасы­мал­даудың алдын алу үшін шекарадан асыруға тыйым салынатын дәрілік заттың 59 атауы мен жеке тұлға­ларға шектеулі мөлшерде әкетуге рұқсат етілген тауарлар тізімін бекітті. Ұлттық қауіпсіздік комитеті КВИ-ді емдеуге қолданылатын тауарларды Қазақстаннан әкетуге жол бермеу үшін арнайы шаралар қабылдады. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмекті, рецепті препараттарды беру; дәрі-дәрмекті тағайындау мен жазылу; өңірлердегі тұрақтандыру қоры есебінен сатып алынған дәрілерді бөлу процесін бақылауды күшейтті. Сонымен қатар Президент білім сапасының төмендеуіне жол бермеу керек екенін алға тартты. Әрине, ата-ана­лар шыдамдылық танытып, қазір­гі ахуалға түсіністікпен қарауы қа­жет. Биыл 1 қыркүйектен 16 қара­шаға дейін елімізде 986 оқушы індет жұқ­­тырған, кезекші сыныптарда оқи­­тын балалар арасында 288 жағ­дай тіркелді. Байланыста болған 3 122 адам анықталды, олар­дың 33-і ін­дет жұқтырған. Онлайн оқитын оқу­­шы­лар арасындағы сырқаттану деңгейі жоғары – 698 бала науқас. Оқу жылының басында қалыпты режімде оқуға шектеу қойылғанының нәтижесінде 6 мыңнан аса бала­ның індет жұқтырған оқушылармен байланысуына жол берілмеді және 600-ге жуық коронавирус инфекциясы жағдайынан сақтандырылды. Денсаулық сақтау министрі Прези­дентті ана өліміне қатысты мәселелер жөнінен де хабардар етті және бұл проблеманың ерекше бақылауда екенін атап өтті. «Эпидемиялық жағдайға қарамас­тан, елімізде демографиялық көрсет­кіштердің оң серпіні байқалып, бала туу 4,5%-ға өсті. Пандемия кезеңінде елімізде Covid-19 және пневмония жұқтырған 9 мыңнан аса жүкті әйел тіркелді, бұл барлық тіркелген жағ­дай­лардың – 7,5%-ы. Осы жылдың 3-тоқсанында Covid-19 коронавирус инфекциясын жұқтырғандар күрт өсуіне байланысты ана өлімі артты. Бүгінде жағдай тұрақты. Соңғы екі айда індеттен жүкті әйелдер қайтыс болған жоқ», деді А.Цой. Жүкті әйелдерге медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту үшін министрлік ауыр және қиын жағ­дайдағы жүкті әйелдерге күнделікті мониторинг жүргізетін «Ахуалдық акушерлік орталық» ұйымдастыр­ды. Сондай-ақ «Жүкті әйелдердегі COVID-19» диагностикалау мен емдеу­дің клиникалық хаттамасы және «COVID-19 пандемиясы кезінде жүкті әйелдер мен балаларға медициналық көмек көрсету тәртібі туралы» әдісте­мелік ұсынымдар әзірленіп, Денсаулық сақтау басқармаларына жіберілді. Індетке қарсы отандық вакцинаны жеделдетіп, кедергісіз өндіріске енгізу мәселесі де ерекше маңызды. Дү­ние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымының оптимистік болжамына сәйкес жаңа коронавирусқа қарсы тиімді вакцина 2021 жылдың бірінші тоқсанынан ерте дайын болмайды. Қазір әлемде 200-ге жуық вакцина жасауға үміткер бар болса, тек 42-сі клиникалық сынақтан өтіп жатыр, оның 5-еуі – қазақстандық. Халықты коронавирус инфекция­сына қарсы иммундау үшін вакцина өндіруге және сатып алуға, түрлі топтағы 3,6 млн адамды вакциналауға Үкімет резервінен 47 млрд теңге қажет. Сондай-ақ тұмауға қарсы вакциналау науқаны аяқталды, әлеуметтік осал топтарға кіретін 2,3 млн адамға екпе жасалды. Эпидемиялық маусым басталғаннан бері ЖРВИ-мен сыр­қаттанушылық 2019 жылғы қыркүйек-қазан кезеңімен салыстырғанда 1,3 есе төмендеген. ДДҰ ақпаратына сәйкес, елдерде қабылданған шараларға байланысты коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиялық жағдайдың төрт негізгі сценарийі бар. Сонымен қатар Қазақстанда, Оңтүстік Кореяда, Сингапурде, Жаңа Зеландияда және Израильде індет бақылауға алынды. Алексей Цойдың айтуынша, Қазақстандағы эпидемиялық ахуал соңғы екі айда оптимистік болжамға сәйкес өтіп жатыр. Яғни қабылданған шаралардың нәтижесінде пессимистік болжам орындалған жоқ. Бұл потенциалды локдаунды бір айға шегеруге мүмкіндік берді. Барлық сектордың – орталық мемлекеттік орган, жергілікті атқарушы орган, «Атамекен» ҰКП, бизнес қоғамдастықтың КВИ-дің таралуын тежеу бойынша бірлесе атқарған жұмысы Қазақстанда эпидемиялық жағдайдың оптимистік сценарийінің сақталуына жағдай жасайды.
egemen.kz
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар