Дәрігер 20-ға жуық науқасқа жасанды жүрек отасын жасаған
- авторАяжан Дәулетбекқызы
- 16 ақпан, 2025
- 991

Шымкентте 20-ға жуық науқасқа жасанды жүрек орнатылған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жүрек орталығының бас дәрігері Дархан Сүйгенбаевтың басқаруымен білікті дәрігерлер құрамы таяу күндері 68 жастағы науқасқа жасанды жүрек орнатып, аман алып қалған. Ота жасау уақыты шамамен 4 сағатқа дейін жалғасқан.
Өткір жүрек жетіспеушілігіне шалдыққан зейнеткер ауруханаға ауыр халде түскен. Дәрігер науқастың өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы жасанды жүрек салу керек екенін анықтаған. Науқастың айтуынша қазіргі таңда ентігуі мен барлық ауырсынулары басылып, жағдайы жақсарған.
Дәрігерлерге алғысым шексіз. МӘМС жүйесіне рахмет. Операция ойдағыдай өтті. Барлық ем-шаралар мен дәрі -дәрмек мен үшін тегін болды. Әйтпесе ондай қаражатты таба алмас едім,-деді ем алушы Абдихашым Исабаев.
Айта кетейік, жалпы Шымкент жүрек орталығында жасалып жатқан күрделі операция түрлері созылмалы жүрек жеткіліксіздігімен ауыратын азаматтардың өміріне араша болуда. Клиникада қазіргі таңда 138 төсек-орын мен 40-қа жуық кәсіби кардиолог, кардиохирург, аритмолог дәрігерлер қызмет етеді.
Ал былтырғы жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы Шымкент қаласында медициналық ұйымдарда 1500-нан астам жоғары технологиялы медициналық көмек көрсетілген.