Коронавируспен күрестің бірден-бір жолы – қорқыныштан арылу
- авторjambylinfo.kz
- 17 қараша, 2020
- 279
Коронавирус инфекциясының алдын алу үшін әлемнің көптеген елдерінде карантин жарияланды. Жұмысқа, түрлі ойын-сауық орталықтарына күнделікті барып жүрген жандар үшін үйден шықпай отыру қиындық тудырып, кейбіреулер күйзеліске түсіп те жатыр.
Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем дүрбелеңге салынып жатқан кезде, қорқу – қалыпты жағдай. Бірақ «қорыққанға қос көрінеді» дегендей, мұндай кезде үрей екі-үш есеге үдей түседі. Ең бастысы, сақтық пен сыни ой керек. Мемлекет тарапынан айтылып жатқан кеңестерге, қойылған карантинге бағынған жөн. Қорқыныш – адам қалауының бір түрі. Сондықтан үйде отырып «Мен коронавирус жұқтырған сияқтымын» десе, демек, ол адамның өзі ауыруды қалап тұр. Яғни, ол өзі байқамастан, бейсаналы түрде ауруды шақырады. Мұндай кезде ол өзіне «Менің неліктен ауырғым келіп тұр?» деген сұрақты қоюы тиіс.
Негізі адамның кез келген қалауының ар жағында пайда тұрады. Демек, коронавирустың белгілерін өздерінен байқағандай болып, басы ауырып, тамағы жыбырлайтын адамдар «ауырып қалсам, адамдардың бәрінің назары менде болады» деген ойда болуы ғажап емес. Оны тіпті, сол адамның өзі де байқамайды, бірақ бейсаналы түрде ол жанға адамдар тарапынан «қамқорлық», «махаббат» жетпеуі мүмкін. Тағы бір атап өтетіні, паника кезінде адамда «психоз» пайда болуы мүмкін. Ол үлкен қорқыныштарға, тоқтамайтын үрейге ұласып кетіп те жататын сәттер болады.
Позитивті психологияда «адам оптимист болып, үнемі жақсы нәрсені ғана ойлауы керек» дейді. «Менің өмірім бүгін жақсы, ертең жақсы болады, арғы күні керемет» деп кісі үнемі жақсылық ойлап жүрсе, онда ол психозға ұшырайды. Өмірде бәрі үнемі жақсы бола бермейді ғой. Қорқынышқа да солай уақытша деп қараған жөн. Балансты ұстай білу қажет. Күнде-күнде қорқыныш дей берсе, ол үдей береді. Шегі табылмаған кезде адам «психоз» жағдайына түседі.
Көп кісілер карантинге байланысты жұмыстарынан, кірістерінен уақытша болса да айрылып қалды. Қаржылай дағдарыстың әсерінен де отбасында ұрыс-керіс, болашаққа деген сенімсіздік орын алады. Сондықтан адам фантазияларының бәрін қағазға түсірулері керек немесе үйде біреуге айтуы қажет. Кейбір адамдар айтқан фантазиясын өзі орындай бастайды. Қорқыныштан арылу үшін «ол ауруды қайдан жұқтыруы мүмкін, ол оның үйіне қайдан келеді, неге ол ауруды қалап тұр?!» деген сұрақтарға жауап іздеп, қағазға түсіріп жазу қажет. Жазуға ерінсе, жанындағы адамға айтып, фантазиясын шығарып тастауға кеңес беремін.
Назгүл Дәулеталдықызы,
№5 қалалық емхананың «Қызмет» бөлімінің жетекшісі
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз