жұма, 17 мамыр, 2024 6:47

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыныз

Байланыс

Вакцина барлығына жете ме?

Вакцина барлығына жете ме?
ашық дереккөзі
Вакцина барлығына жете ме?

Қытай әлемге коронавирусқа қарсы екпе жетіспесе, сол тапшылықты өзінің кандидат-вакциналарымен толықтырмақ. Бұл елдің компаниялары шығарған дәріні Біріккен Араб Әмірліктерінде ондаған мың мемлекеттік қызметкер мен жауынгерлер қабылдады. Бразилияға «Синовак» биофармацевтикалық компаниясы жасаған вакцинаның миллион дозасы жіберілген. Осылайша, жер-жерде вакциналау науқаны қарқын ала бастады. Ал, Қытайдың өзінде миллионға жуық адамға «Синофарм» фирмасының екпесі салынды. Бірақ оның тиімділігі жөніндегі клиникалық дәлел әлі келтірілген жоқ. Дегенмен, бұл препараттың жанама әсеріне шағымданғандар да әзірге кездеспей отыр.

Қытайдың фармацевтикалық индустриясы бүгінше кемінде бес вакцина ұсынбақ. Олар қазір Ресей, Мысыр, Мексика тәрізді әлемнің ондаған мемлекетінде сыналып жатыр. Сарапшылардың ойынша, бұл тәжірибелер сәтті аяқталғанның өзінде АҚШ-та, Еуропада, Жапонияда және өзге де дамыған елдерде қытайлық вакциналарды қолдануға сертификат алу қиынға соғуы мүмкін. Алайда Бейжің өз екпелерін дамушы елдер үшін қолжетімді ететінін мәлімдеп отыр.

Ал, Ресей коронавирусқа қарсы кең ауқымды вакцинацияны Мәскеуден бастады. Мексика, Үндістан, Мысыр тәрізді елдер осы екпенің ондаған миллион дозасын сатып алудан үмітті. Алайда Ресей өзіне қажетті 30 миллион дозаның тіпті 2 миллионын жыл соңына дейін шығара алмауы мүмкін.

Өндірісті арттыруға түрлі техникалық процестер мен құрал-жабдықтар проблемасы кедергі жасаған. Осы жайттарды ескере отырып, Мәскеу мен Бейжің әлемнің вакцинаға сұранысын толық қамтамасыз ете алмауы мүмкін.

Ресей Sputnik V вакцинасын көптеп өндіруге күш салып жатса, Қытай жыл сайын 1 миллиард доза шығаруға ниет танытқанымен, оның қаншасын экспортқа жіберетінін әзірге хабарлаған жоқ.

Қытай күмәншіл реттеуші органдарды сендіру үшін өз вакцинасының сынақта тиімділігі дәлелденгенін және оның жұмыс істейтінін растауға тиіс. Ресей болса, өз вакцинасын қолдануға тәжірибе аяқталмай тұрып рұқсат берді. Сондықтан кейбір иммунологтар оның екпесінің қауіпсіздігі мен тиімділігіне күдік келтіріп отыр.

Еуропаның және АҚШ-тың реттеуші органдары Американың Pfizer және Германияның BioNTech компаниялары бірлесіп жасаған вакцинаны қолдануға рұқсат беру мәселесін алдағы бірнеше аптада шешпек. Еуропа одағы өзінің 450 млн тұрғынының үштен бірін вакцинациялау үшін  Pfizer-BioNTech препаратына алдын-ала тапсырыс берді. Ал, АҚШ осы екпені 50 миллиондай америкалыққа салмақ.

Бірақ Pfizer жыл соңына дейін 100 миллион дананың 50 миллионын шығарудың өзі қиын екенін мойындап отыр. Себебі, шикізат пен жаңа технология тапшы. Ұлыбритания «Файзерден» әу-баста 10 миллион доза сатып алуды көздеген еді. Енді Лондон үшін соның жартысына қол жеткізу оңай болмай тұр.

  Арыс Әділбекұлы, тәуелсіз сарапшы
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар