Елімізде мамырда айлық инфляция деңгейі баяулап, 0,4% құраған. Ақылы қызметтер бағасы 1%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 0,5% өссе, азық-түлік тауарларының бағасы 0,2% төмендеген. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлап отыр, деп жазады jambylinfo.kz.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда ақылы қызметтер бағасы 1%, азық-түлікке жатпайтын тауарларың бағасы – 0,5% өскен, ал азық-түлік тауарларының бағасы 0,2% төмендеген. 2023 жылдың мамыр айымен салыстырғанда су бұру қызметтерінің тарифтері – 43,9%, суық су – 35,9%, ыстық су – 35%, орталықтандырылған жылыту – 33%, электр қуаты – 31,4%, қоқыс шығару 31,2% өскен.
«Мамырда бағаның өсуі тұрмыс құралдарына 1%, киім мен аяқ киімге – 0,9%, тоқыма бұйымдарына – 0,7%, жеке пайдаланатын тауарларға 0,6% байқалды. Дәрі-дәрмектер 0,4% қымбаттады. Азық-түлік тауарлары бағасының төмендеуі қиярға – 29%, қырыққабатқа – 19,1%, қызанаққа – 15,4%, тәтті бұрышқа – 5,8%, сарымсаққа 5,3% байқалды. Жұмыртқа – 9,8%, қарақұмық жармасы – 3,3%, күнбағыс майы – 2,1%, арпа жармасы – 1,1% арзандады. Бағаның өсуі басты пиязға – 28,3%, картопқа – 18%, қызылшаға – 15,5%, сәбізге – 7% байқалды», -деп жазылған Ұлттық статистика бюросының хабарламасында.
Сонымен қатар, тұрғын үйді жалға беру – 1,5%, тұрғын үй-жайларды күтіп ұстау 1,7% қымбаттады. Стоматология қызметтерінің бағасы 3,3%, санаторий қызметтері – 2,1%, шаштараздар мен сұлулық салондарының қызметтері – 1,4%, қоғамдық тамақтану 1,3% өсті.
Ал өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Астана қаласында – 1,2% (орташа республикалық деңгейден 0,8 п.т. жоғары) тіркелген. Ең төменгісі 0,1%-бен Ұлытау облысында қалыптасқан. Тұтыну бағасының индексі Шымкент қаласында, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында 100% құраған.
Мамыр айында Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында азық-түлік тауарларының бағасы – 0,4%-ға өсті. Сондай-ақ азық-түлікке жатпайтын тауарлардың құны 1,2%-бен Маңғыстау облысында өскені байқалады. Астана қаласында ақылы қызметтердің құны 2,5% өскен.
Ұқсас жаңалықтар
Ақша айырбастау пункттерінде доллар 520 — 527 теңгеден саудаланып жатыр
- авторМағжан Орынбасар
- 17 желтоқсан, 2024