Енді Қазақстанда әйелдер «декретке миллионмен» шыға алмауы мүмкін
- авторИндира Тәліпқызы
- 30 мамыр, 2024
- 893
«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» Жамбыл облысы филианың директоры Нұрахмет Ысқақов бала күтіміне байланысты әйелдердің жаппай миллион теңгемен декретке шығуына қарсы екенін айтып, заңға өзгерістер енгізуді ұсынып отыр, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Оның айтуынша, жүкті әйелдер тұрақты жұмысы бола тұра, жеке кәсіп ашып, 12 айға жалған максималды табыс көрсетуді әдетке айналдырған.
«Әлеуметтік желілерде блогерлердің «миллионмен декретке» курсын алып, көп ақшамен декретке шығуға әрекет жасап жатқан әйелдер көптеп кездеседі. Жүкті әйелдердің тұрақты жұмысы бола тұра, жеке кәсіп ашып немесе жеке кәсіпкерге жұмысы ретінде тіркеліп, 12 айға жалған максималды табыс көрсетеді. Аталған жайттың алдын алу үшін біз қолданыстағы ҚР әлеуметтік кодексіне өзгерістер енгізуіміз керек деп есептеймін. Нақты айтатын болсақ, ҚР 2023 жылғы 20 сәуірдегі Әлеуметтік кодексінің 78 бабының 2-тармағында толықтыру енгізуді ұсынамын. Ол республикалық бюждет туралы заңында белгіленген ең төменгі жалақының 7 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс,-деді ол.
Нұрахмет Ысқақовтың бұл мәлімдемесі әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып жатыр. Оның бұл ұсынысын бірі қолдаса, енді бірі қарсы пікірлерін жарыса жазып жатыр.