Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2020 жылдың қаңтар-желтоқсан айларындағы көрсеткіштерінің орындалуы және бюджет қаражатының игерілуі қаралды.
Өңір басшысы алдымен облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды. Биыл әлемді шарпыған пандемия қалыпты тіршілікке өзгеріс енгізгені анық. Дегенмен дер кезінде қабылданған шешімдер арқасында негізгі басымдыққа ие салалардағы көрсеткіштердің төмендеуіне жол берілген жоқ.
Жиында баяндама жасаған облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақты өсім қалыптасып келеді. Дегенмен бірқатар аудандарда негізгі экономикалық көрсеткіштердің орындалмау қаупі бар екен. Мәселен 11 айдың қорытындысымен өнеркәсіп өнімі өндірісі бойынша Меркі (92,2 пайыз) және Мойынқұм (98,3 пайыз) аудандарында көрсеткіш орындалмаған. Сол секілді инвестиция көлемі Шу мен Сарысу аудандарында, құрылыс жұмыстары мен пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі Сарысу ауданында өткен жылдың тиісті кезеңінен төмен қалыптасқан. Сонымен қатар бөлшек сауда Жамбыл, Қордай, Т.Рысқұлов, Мойынқұм, Шу, Сарысу аудандарында және Тараз қаласында өткен жылдың тиісті кезеңінен төмен қалыптасып, облыстық көрсеткіш 98,5 пайыз деңгейінде қалыптасқан.
Ал облыс бюджетінің игерілуі бойынша баяндама жасаған облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы Роза Исаеваның айтуынша, облыс бойынша бюджеттік қаражат 455 миллиард 583,1 миллион теңгеге немесе 93,8 пайызға игерілсе, 30,2 миллиард теңге игерілмеген.
– Тараз қаласында 5 миллиард 894,1 миллион теңге, Қордайда 2 миллиард 231,6 миллион теңге, Байзақта 1 миллиард 944,3 миллион теңге, Жамбылда 1 миллиард 452,2 миллион теңге және Шу ауданында 1 миллиард 149,4 миллион теңгеден астам қаражат игерілмеуде. Қалған 6 ауданда (Т.Рысқұлов, Меркі, Сарысу, Жуалы, Талас, Мойынқұм аудандары) игерілмеген қаражат 400 миллион теңге мен 1 миллиард теңге аралығында қалыптасып отыр.
Сондай-ақ облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында 2 миллиард 713,9 миллион теңге, ауыл шаруашылығында 2 миллиард 354,4 миллион теңге, денсаулық сақтауда 2 миллиард 264,3 миллион теңге, құрылыста 2 миллиард 189,6 миллион теңге, білімде 2 миллиард 136,4 миллион теңге, жұмыспен қамтуда 1 031,2 миллион теңге әлі де болса игерілмей отыр. 6 бағдарлама әкімшілерінде 100 миллион теңге мен 500 миллион теңгенің аралығындағы сомада қаражат игерілмеуде.
Жыл аяғына дейін қалған 7 күннің ішінде 30,0 миллиард теңгеден астам қаражатты игеру қажет. Оның ішінде республикалық бюджетті түзетуге байланысты бүгінгі күнге түспеген 7,3 миллиард теңге нысаналы трансферттер мен облигациялық қарыздар есебінен түспеген 3,9 миллиард теңге сомасындағы қаражаттар бар, – деген Роза Әбдірқызы төлем құжаттарын Қазынашылыққа 30 желтоқсанан кешіктірмей ұсынуды еске салды.
Мұнан кейін өңір басшысы негізгі көрсеткіштерге қол жеткізбеген, бюджет қаражатын толық игермеген аудан әкімдерін, басқарма басшыларын тыңдады.
Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Жақсылықов баяндамада айтылғандай орындалмау қаупі бар үш көрсеткіш бойынша резерв бар екенін және инфестиция көрсеткіштері орындалмайтын атап өтті. Мұнан кейін сөз алған аудан әкімдері, басқарма басшылары жыл соңына дейін көрсекіштер орындалып, қаражат толықтай игерілгенін жеткізді.
Жиынды қорытындылаған Бердібек Машбекұлы күн тәртібіндегі мәселелер бойынша орынбасарларына тиісті тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ әлеуметтік төлемдерді кешіктірмей, уақытында берілуі керектігін баса айтып өтті.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз