жексенбі, 29 желтоқсан, 2024 2:22

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жасын бейнесінен мейірім төгілген ұстаз

Жасын бейнесінен мейірім төгілген ұстаз
ашық дереккөзі
Жасын бейнесінен мейірім төгілген ұстаз

Ұлт туралы пікірді жекелеген адамдар қалыптастырғанымен ұлттық келбеттің қандай да бір маңызға ие екендігі жасырын емес. Ұлт болып ұйысудың алғашқы баспалдақтары тәрбиеден һәм білімнен бастау аларын ескерсек, ұстаздар қауымының еңбегі өлшеусіз. Барша адамзаттың парасат пайымын бағдарлап, тұлғалық қалыптасуын қадағалайтын ұстаздық қызметтің жүгі ауыр, жауапкершілігі жоғары. Сондықтан да, қазақ      ежелден-ақ атасынан ұстазын әзіз тұтқан халық.

Біз, шындығында мұғалімнің мойнындағы жүгі ауыр жауапкершіліктің қандай болатындығын, ұстаз бен шәкірт арасындағы көзге көрінбейтін нәзік байланысты университет  қабырғасына келгенде терең сезіне бастадық. Біріншіден, мектеп қабырғасында жүрген кезеңде балалығымыздан анау айтқандай арылмаған болсақ, екіншіден, біздің студенттік өмір педагогикалық оқу орнында өтті. Дәл сол Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің қабырғасында ұстаздықтың ұлы қасиеттері мен мазмұнды бейнесін бойымызға сіңіру жолында көптеген ұстаздар еңбек етті. Солардың бірі әрі шығармашылық қабілеттеріміздің шыңдалуына ерекше еңбек еткен – Исматова Сейсекүл Молдабекқызы. Өз өмірінің қырық сегіз жылын білім саласына, ұстаздық жолға арнаған ұстазымыз бүгінде жетпістің желкеніне жетті. Бір әріпті үйреткен ұстазына қырық жыл сәлем берген халықтың ұрпағы ретінде, бізге әдебиет әлемінің есігін ашып, жол нұсқаған Сейсекүл апайымыздың мерейлі мерейтойы біз үшін де үлкен қуаныш. Сол қуаныштың үстіндегі толғаныс апайымыз туралы есті естеліктермен толығары сөзсіз.

Ұстаздар ұстаханасындағы әдебиет әлеміне жаны құштар, кітап пен өлең десе ішкен асын жерге қоятын шәкірттерді «Жасын» әдеби бірлестігі арқылы қанатының астына алған Сейсекүл Молдабекқызының біз жоғарғы оқу орнына жаңадан аяқ басқан кезеңде айтқан ең алғашқы сөздерінің бірі:

-Әдебиетті таңдаған бала – жай бала емес. Демек ол баланың бойында от, жанарында ұшқын бар деген сөз. Ол ұшқынды өшіріп алуға болмайды. Керісінше, жағу керек.

Апайымыздың дәл осындай сөздері бізді жиі қанаттандыратын. Тіпті, біздің әдеби бірлестіктің «Жасын» деген атауы да бізге үлкен үміт пен сенім артып тұрғандай сезім ұялататын құдіретке ие еді. 1991 жылдан бері талай түлекті ұшырған «Жасынның» Сейсекүл апайдың алдынан өткен әр шәкірт үшін маңызы ерекше екендігі сөзсіз. Бүгінде жыр аспанында жасындай жарқырап жүрген Ерлан Жүніс, Хамит Есаман, Олжас Отар, Біржан Сөктай, Нұржан Қадірәлі, Нұрболат Сатымқұл, Нұрболат Жолдасбек, Жұлдыз Бейсек, Қуаныш Қолхаев сынды ақындар Сейсекүл апайымыздың шығармашыл шәкірттері. Олардың қатарында қазіргі таңда қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, көпке үлгі болып жүрген «Жамбыл-Тараз» газетінің редакторы – Эльмира Мырза-Ғали да бар. «Талапты шәкірт – кемеңгер ұстаздың жемісі» десек, бүгінде тек әдебиетке ғана емес, ел өркендеуіне үлес қосып жүрген Сейсекүл апайымыздың аталмыш шәкірттері оның елеулі еңбегінің жемісі. Осыдан-ақ, Сейсекүл ұстаздың «Әр бала жарық жұлдыз, жарқырауына жәрдем ет» деген ұстаныммен ұлағатты ұстаздыққа құрметпен қарағандығын аңғаруға болады.

Егер мұғалім өз бойына іс пен шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті біріктірген болса, ол – кемел ұстаз. Асылы, таңдай қақтырар тіркес расында, кемел ұстаз болмысын бірауыз сөзбен анықтап беріп тұрғандай. Ұстазымыздың іске деген ықтияттылығына ешбір шүбә келмесі хақ. Алайда, шәкіртке деген сүйіспеншіліктің жөні бөлек. Шындығында, «шәкіртсіз ұстаз – тұл» деген ой осы тұста айтылуы керек сыңайлы. Сейсекүл апайдың салиқалы ұрпақ тәрбиелеуде қос жанарынан асқан мейірімділіктің көрініп тұратындығы ақиқат. Ұстаз мінезіндегі мейірбандылық, көңілдегі шынайылық, жүректегі махаббат шәкіртпен сөзсіз тілдесудің үлгісі. Шәкірт талабын табалдырықтан танып білетін ұстаздың ұстанымы да көпті таңырқатып келеді.

Сейсекүл апайдың студент жастармен тікелей жұмыс жасауы – тез-ақ тіл табысып кетуінен екендігін аңғаруға болады. Студенттердің бойындағы ұлттық құндылықтар қойнауын танытуда тартынбай еңбек етуі еріксіз сүйсіндіреді. Шәкіртпен жаны бір ұстаздың ұлылығы – қарапайымдылығында деп білеміз. Боламын дейтінді кейін қарай тартпайтын, кінәмшіл шәкіртке кінә артпайтын, жасандылық деген мүлдем жақпайтын, шәкіртін әркез мақтайтын, ұстаздық ұстанымды сақтайтын ұстазымыздың бізге бергеннен берері мол деп білеміз. Өзінің уақытын аямай, шәкірттің бақытын аялай білу – Сейсекүл ұстаздың бір қыры ғана. Білім ордасындағы студенттерінің жеке шығармашылық ерекшеліктен лезде танып, қанатын қатайтып, қияға ұшыратын ұстазға бүгінде бірнеше буын өкілдері өз алғысын білдіреді. Адалдықтың туын ар етіп, аузынан Алласын тастамастан шәкіртін додаға қосып, балапанның баршынға айналуына тікелей ықпал етіп келеді.

Әрбір айтқан салмақты сөзі, сүбелі пікірі, рухты жігерлендіруі нәтижесінде мөлдір бұлақ көзі ашылған жастар легі шексіз. Байыппен бағдарлап, бағытымызды табуға бір табан жақындататын ұстазымызбен біз мақтанамыз. Бәрін білсем деп емес, білгенімді шәкіртіме берсем деп соққан ұстаз жүрегінің дүрсілі сезіліп-ақ тұрады. Расында, ұстаздың шәкіртке тікелей ықпал ететіндігін ескерсек, ұстазға қандай жауапкершілік жүктелетіндігін түсіне аламыз. Бүгінде біз үшін шоқтығы биік, болмысы бөлек ұстаз – Сейсекүл Молдабекқызы нағыз кемел ұстаз ретінде көз алдымызда. Біріміз анамызды, біріміз әжемізді көргендей қуанышты күй кешеміз. Мінездегі байсалдылық, еңбектегі адалдық, мамандыққа деген махаббатының нәтижесінде ұстаз аты мәуелі ағаштай тамыры тереңге бойлап отыр. Ендеше, өз ғұмырын шәкірттеріне, білім жолына арнап келе жатқан ұстазымызды мерейтойымен құттықтаймыз! Біз үшін Сейсекүл апайымыздан тәлім алу, жоғарыда атап өткен еліне елеулі, халқына қалаулы шәкірттерінің ізін жалғау қашан да үлкен мәртебе!

Ғалия Абылай,

Көркемжан Қанат

шәкірттері

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар