Алдағы жылдары елімізде бөлшек саудадағы интернеттің үлесі 40 млрд долларға дейін артуы мүмкін. Қазақстанда соңғы жылдары онлайн-төлем, онлайн-жеткізу сервисі белсенді дамып келеді.
Almaty Investment Forum-2020-ға қатысқан Chocofamily компаниясының басшысы Рамиль Мухоряповтың айтуынша, Қазақстандағы e-commerce (онлайн-сатылым) жылына үш-бес дүркін өсім көрсетуге қабілетті.
– Сауда және интеграция министрлігі электронды коммерция нарығы 2 млрд доллар немесе 7,5 пайыз болады деп болжам жасайды. Тиісінше, бұл мөлшер 2025 жылға таман 8,5 млрд долларға жетпек. Яғни, 15,1 пайызға өседі деген сөз. Біз (нарық өкілдері) аталған көрсеткіштер өте төмен бағаланған деп есептейміз. 2020 жылдың өзінде көрсеткіш 10 пайыз деңгейіне жетті. Сонда 2025 жылы мүлде жоғары болмақ. Алдағы бірнеше жылда ерте ме, кеш пе нарықта 40 млрд долларға дейін айналым жүре бастайды, – дейді Р.Мухоряпов.
Сонымен қатар спикер елімізде терминалдарды пайдаланғаны үшін алынатын банк пайызын азайту керек деген ой айтады.
– Бізде карта бойынша ең жоғарғы интерчейндж. Екі банк 90 пайыз транзакция қабылдап, терминалды пайдаланғаның үшін 2,5 пайызға дейін кепілдік береді. Қазір елдегі барлық дүкендер карта қабылдауға міндетті. Бірақ солай істесең сен банкке 2,5 пайыз төлем беруің керек болады. Егер төлемдердің 5 пайызын ғана картамен жасасаң ондай үлес алуға болатын шығар, ал 60-70 пайызбен жұмыс істеп отырған жерде бұл тым артық. Сол себепті, маржаның көп үлесі банктерге кетеді. Мәселен, Еуропада сондай төлемдер 0,3-0,4 пайызға дейін қысқартылған. Бұл нарыққа да әсер етті. Біз де сондай қадамға баруымыз керек, – деді сарапшы.
Еске салайық, Қазақстан Республикасының «Төлемдер және төлем жүйесі туралы» заңында барлық бизнес нысандарында POS-терминалдар орнатылуы керек деп жазылған. Яғни халық картамен төлем жасайды, оны мемлекет кірпік қақпай бақылайды, сөйтіп көлеңкелі экономиканың жолын кеседі. Жоспар жақсы-ақ. Бірақ... Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің сол кездегі бас сарапшысы Санат Жүсіповтің екі жыл бұрынғы сұхбатына зер салайықшы.
«Біріншіден, POS-терминалдарды сатып алу керек. Ал банк өзі терминал беріп отырған соң олар айналымның 200-300 мың теңгеден кем болмағанын талап етеді. Егер ондай айналым болмаса онда өз аппаратын қайтарып алады. Одан соң банк комиссиясының 2-3 пайыз болуы да аппараттан бас тартуды көбейтіп отыр. Яғни сатып алушы төлем жасаған кеде транзакция үшін кәсіпкердің қаражатынан ұстап қалады. Бұл кәсіпкер үшін өте тиімсіз» деген еді.
Мемлекеттік мекеме өкілінің екі жыл бұрынғы айтқан зарын Chocofamily басшысының биыл қайталағанын байқап отырмыз. Яғни екі жылда жағдай өзгере қоймаған. Десе де Р.Мухоряповтың e-commerce қарқынды дамып келеді деген сөзінің жаны бар. Күннен-күнге қалтасын қарманып ақша шығарып жатқан адамдар санының кеміп келе жатқаны анық.
Цифрлы нарықты зерттеумен айналысатын халықаралық eMarketer компаниясы сарапшыларының дерегінше, биыл жаһандық электронды сауда көлемі 3,914 триллионды құраған. Коронавирустан қатты зардап шеккен Испания, Малайзия, Филиппин сияқты елдер тіпті интернет-сатылым тұрғысынан 20 пайыздық өсім көрсеткен. Ал Азия-Тынық мұхиты аймағында Қытай көш бастайды. Олар әлемдік электронды коммерция нарығының 62,6 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Солтүстік Америка мен Батыс Еуропаға 19,1 және 12,7 пайыз көрсеткіш тиесілі. Негізінен Amazon, eBay, Walmart, Apple, The Home Depot сияқты ірі интернет-ритейлер бүкіл әлемдік e-commercе-нің 60 пайызын қамтып отыр.
Қазақстанның да бұл үрдіске қарқынды ілесіп жатқанын көптеген сан-айғақтан аңғарамыз. Тағы сол Р.Мухоряповтың айтуынша, 2020 жылы онлайн-төлем тревел-сегментте – 99, тамақ жеткізу сегментінде 50 пайызға жеткен. Ал Satu.kz басшысы Максим Мельник 2019 жылы нарық үлесі 396,8 млрд теңгеге жеткенін, оның басым бөлігін тауарлар мен қызметтер сатылымы құрағанын айтады. Сондай-ақ 21 млрд теңге тамақ жеткізуден, 6,7 млрд теңге онлайн-жарнамадан, 2,1 млрд теңге онлайн-төлемнен түскен. Әрине, бұл жерде әр басшы өз компаниясына қатысты деректерді ұсынды.
Қысқасы, биыл дауылдай соққан карантин көптеген ойыншыны нарықтан ығыстырып шығарғанымен, онлайн-сатылым бизнесіне мол мүмкіндік сыйлай салды. Әрине, карантинге байланысты халықта ақша азайған, төлем қабілеті әлсіреген. Сол себепті, тапсырыс та дәйім тұрақты емес. Десе де көпшіліктің интернет арқылы қалаған затын алуға әжептәуір машықтанып қалғанын аңғаруға болады.
«Carefood.kz» интернет-дүкені өкілінің айтуынша, ТЖ режімінен соң сұраныс 40-50 пайызға құлдыраған. Жазға таман қайта тұрақтанған.
– Біздің ассортиментімізде тауар саны 70 мыңнан асады. Сондықтан әр клиенттің қызығатын өнімдері бар. Жалпы алғанда күн сайын 20 тапсырыс келіп түседі. Шілде айында орташа чек 15 мың теңге болған. Сатылым біртіндеп артып келеді. Біз тапсырысты жедел жеткіземіз. Сонымен қатар ассортиментті арнайы видео-байланыс арқылы да көруге болады, – дейді сауда өкілі.
Ал «Домосед» интернет-дүкені қожайыны Игорь Пуликов адамдардың азық-түлікке көбірек тапсырыс беретінін айтты. «Күніне орта есеппен 20-30 тапсырыс қабылдасақ, соның көп бөлігін азық-түлік құрайды. Жазда халық жеміс-жидекті көп алса, қазір ет ала бастады» дейді Игорь.
Ал тамақ өнімдерін жеткізіп беретін Wolt сервисі клиенттерден төлемді тек онлайн түрде ғана қабылдайды. Сөйтіп, қолма-қол есеп айырысуға түбегейлі шектеу қойған. Яғни бұл сервистен тауар алғысы келген тұтынушы Apple Pay/Google Pay немесе банк картасын қолдана алады.
Маусым айында өткен Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин кәсіпкерлерді онлайн сатылым жасауға үйрету керек деп мәлімдеген.
– Пандемия кезінде электронды сауда нарығы тауар айналымының драйверіне айналды. Мәселен, Амазон 100 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құрды. Aliexpress-те ресейлік сатушылардың айналымы 3 есеге артты. Қазақстандық интернет-дүкен Flip.kz электронды сауда өсіміне байланысты жұмыс орны санын 20 пайызға дейін көбейтті. Бұл дегеніңіз онлайн-сауда жұмыс орнын сақтап қана қоймай, оның санын арттыруға да мүмкіндік беретінін көрсетеді, – деген еді Б.Мусин.
Қазір сауда орындарының сатылым үшін түрлі бонус, кэшбек беруі де тұтынушылардың онлайн-саудаға деген ықыласын арттырып жатқандай. Халықтың егде тобы әлі де қолма-қол төлемді қолай көрері түсінікті. Бірақ біз қалайық, қаламайық e-commerce біздің өмірімізге, жас әрі аз нарығымызға келіп кірді. Оны өз менталитетіміз бен өмір салтымызға қалай бейімдей аламыз, бұл енді біздің Үкімет пен бизнес иелерінің иығына артылған орасан жүк.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз