Күріш, жұмыртқа және макарон қымбаттап кеткен: Бектенов орынбасарына тапсырма берді
- авторjambylinfo.kz
- 12 наурыз, 2024
- 732
Премьер-министр Олжас Бектенов әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің қымбаттауына байланысты орынбасары Серік Жұманғаринға әкімдіктердің жұмысын бақылауда ұстауды тапсырды, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Бектенов министрлер мен әкімдердің назарын инфляциялық қысымды төмендету мәселесіне аударды. Айтуынша, екі айдың қорытындысы бойынша инфляция жылдық мәнде баяулап, 9,3%-ті құраған. Биыл үкімет пен Ұлттық банктің алдында оны 8%-тен төмен ұстап тұру міндеті тұр.
«Күріш, жұмыртқа, жеміс, сусындар, сары май және макарон өнімдері қымбаттаған. Көріп отырғанымыздай, бағасы өсіп кеткен позициялардың саны едәуір көп. Демек, бұл орталық және жергілікті атқарушы органдар тарапынан қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз екенін көрсетеді. Өңірлер арасында инфляцияның ең көп өсуі Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында тіркеліп отыр. Серік Мақашұлы, осы мәселенің әлеуметтік маңызы зор, сондықтан оны қатаң бақылауда ұстаңыз. Егер өңірлер жергілікті жерде инфляцияны төмендету бойынша қажетті шаралар қабылдамаса, тиісті шешім қабылдау үшін маған дереу баяндауыңызды сұраймын», деп тапсырма берді Бектенов үкімет отырысында.
Премьер тұрақтандыру қорлары, форвардтық және оффтейк-келісімшарттар, өнім құнын арзандатуды субсидиялау, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша сауда субъектілерімен келісімдер жасау сияқты пәрменді тетіктерді белсенді пайдалану қажет деп санайды.
Сондай-ақ ол импортқа тәуелді өнімдердің өндірісін кеңейтіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіруге арналған басым дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайту туралы тапсырма берді.
«Әкімдер делдалдық схемаларды анықтау жөніндегі өңірлік комиссиялар жұмысының тиімділігін арттыруға тиіс. Орталық және жергілікті атқарушы органдарға бақылауды күшейтіп, Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін сапалы орындау бойынша шаралар қабылдауды тапсырамын. Жоспарланған және қолданыстағы барлық жоба белгіленген мерзімдерде іске асырылуға тиіс», деп атап өтті үкімет басшысы.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз