Мемлекеттік органдар 45 млрд теңгені игермеген – себебі белгілі болды
- авторjambylinfo.kz
- 12 наурыз, 2024
- 692
Қаржы министрі Мәди Тәкиев осы жылғы қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржының атқарылу барысы жайлы баяндады, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Министрдің айтуынша, республикалық бюджет бойынша 3,7 трлн теңге сомасына шығыстар жұмсалған. Атқарылмаған сома 70 млрд теңгені құрады, оның ішінде: 25 млрд теңгесі үнемделсе, 45 млрд теңгесі игерілмеген.
«Ең көп игерілмеу сомасы туризм және спорт, мәдениет және ақпарат министрліктерінде және мемлекеттік күзет қызметінде қалыптасты. Негізгі игерілмеу себептері – 670 млн теңгеге мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстар өткізілмеген; 19 214 млн теңгеге конкурстық рәсімдер мен шарттар жасасудың ұзақ өткізілуі, шот-фактуралар мен орындалған жұмыс актілерінің уақытылы ұсынылмауы», деді Тәкиев үкімет отырысында.
Сондай-ақ екі айда жергілікті бюджеттердің шығыстары 1 трлн 409 млрд теңгені құраған. Атқарылмағаны – 74 млрд теңге. Биыл өңірлерге 1,8 трлн теңге нысаналы трансферттер көзделген. 1 наурыздағы жағдай бойынша 74 млрд теңге бөлінді. Олардың 90,7%-ы игерілген. Атқарылмағаны – 7 млрд. теңге, оның ішінде: үнемделгені – 1 млрд теңге, игерілмегені – 6 млрд теңге. Неғұрлым көп игермеген өңірлер: Астана қаласы, Қарағанды, Маңғыстау және Қызылорда облыстары.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз