Қазіргі таңда елімізде кәсіп ашып, ісін бастаймын деушілерге қолдау көп. Соның бірі – Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Зәру Қалмұрзаева құс шаруашылығымен айналысуда. Ол өзін-өзі жұмыспен қамтып, кәсіпкерлікпен шұғылдануда.
Ауданның кәсіпкерлік саласын дамытуға өз үлесін қосып отырған Зәру еңбекқор жан. Үйдің шаруасымен, келіндік міндетімен қатар, кәсіпкерлікті де қолға алған. Оның құс асырауға деген қызығушылығы бала кезден бар. Бұл уақытқа дейін ол үй құстарының бірнеше түрін, яғни тауық, үйрек, бөдене, тауыс тағы басқаларын асыраған. Ал, қазіргі таңда 600 басқа жуық қазды күтіп баптауда.
Зәрудің айтуынша, 2019 жылы «Бастау-Бизнес» жобасы аясында 505 мың қайтарымсыз грант ұтып алып, қаз өсіруді бастаған. Одан кейін арада жыл өтіп, кәсібін алға жақсы дөңгелетіп, осы істі әрі қарай дамытуды қолға алады. Осылайша алдымен 1000 басқа арналған қора соғып, құжаттарын дайындап, кәсібін кеңейту мақсатында Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 6 пайызбен 3 млн 800 мың теңге несие алады.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының бизнес-тренері Жазира Тоқабаева да Зәру Қазақбайқызының ұмтылысын, ізденімпаздығын алға тартады. Ең бастысы, оның ниеті мен талпынысы жоғары екенін айтады. Ауданның құс шаруашылығына үлесін қосып отырған көпбалалы ананың ісіне ризашылығын білдіреді.
Зәру қаздың «Линда», «Крупный серый», «Губернатор» түрлерін алып, өсіруде. Қорасын қысқа, жұмыртқалау кезеңіне сақадай-сай әзірлеп қойған. Сонымен қатар, 9 тонна жем-суын, керекті дәрумендерін де дайындаған.
Ауыл маңындағы сайға жайылымға жіберіп, таңғы сағат 6-дан бастап күтімін жасайды екен. Көмекшілері - жолдасы, қайын атасы, сондай-ақ көршілері.
– Қаз – тез семіреді. Қазға жайылым жер болса болды. Суыққа өте төзімді. Менің зерттеуімше, қаздың 10-ға жуық түрі бар екен. Әрқайсысының ерекшелігі әртүрлі. Біз өсіріп отырған қаздар 3,5-5 келі аралығында ет береді. Бағасы ары кетсе 4-5 мың болады. Жиі ауырмайды.
Биыл 2000 балапан инкубатордан басып шығардық. Карантин кезінде үйден келіп, тапсырыс берушілер алып кетті. Содан кейін өзім сатқан балапандарды қаз болып өскенде қайта сатып алдым.
Қазға сұраныс көбінесе Шымкент, Алматы қалаларынан көп түседі, - дейді ол өз сөзінде.
Ісінің бүге-шүгесіне дейін зерттеген кәсіпкердің алға қойған мақсаты айқын. Алдағы уақытта ісі өрге басса, оғанда жетер күн алыс емес екеніне сенімді. Кәсібінің нәсібін көріп, отбасының қамы үшін еңбек етуге әркезде дайын.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз