Таластың бүгінгі мәдениеті мен өнері дегенде алдымен белгілі ақын Нарша Қашағанұлы, Қазақстаннның еңбек сіңірген қайраткері Алтынбек Оразбеков, Мәдениет саласының майталманы Көпжасар Арынов, Асқар Жылқыбаев және басқалар еске түсетіні анық. Сондай-ақ, Таластың мәдениетін айтыс әлемінің жұлдыздары Шорабек Айдаров, Ербол Қамбатыр, Үміт Битенова, композиторлар Орынбасар Әбжаппаров, Әуезхан Салабеков, Әбен Шалқарбаев, Сәрсенбек Бәкір, әншілер Бақыт Шағырбаев, Жасан Тілеубеков, Бекзат Сейдуалиева, Басқанбек Раев секілді майталмандарсыз елестеу қиын.
Қазіргі таңда да Таластың атын шығарып, мәдениетін өрге сүйреп жүрген таланттар жоқ емес. Оны Талас ауданына барған іссапарымызда байқадық. Бүгінгі таңда Ұлбике ақын атындағы аудандық мәдениет орталығына қарасты 8 ауылдық Мәдениет үйі, 7 ауылдық клуб және «Авангард» кино бейнелеу бөлімі бар. Алайда бірқатар Мәдениет үйі күрделі жөндеуді қажет етсе, Тамабек, Көшек, Көктал, Талапты, Ақтөбе, Тұрымқұл, Арал, Қайыр елді мекендерінде мәдениет ошақтары мүлдем жоқ. Аудандық бюджеттен Көктал ауылдық округінде 100 орындық клуб соғу аясында жобалық сметалық құжаттарды әзірлеу және сараптама қорытындысын жасату үшін 6 миллион теңге қаржы бөлініпті.
Аталған орталық басшысы Кенже Пірманның айтуынша, ауданның мәдениет саласындағы жетістіктері аз емес. Облыстық халық шығармашылығы ұйымдастырған «Жаңа есім» жобасында Баубек Айдарбеков финалға жолдама алса, ал Жақсылық Оразбеков, Жандос Имандусан, Айжамал Дауталиева облыстық «Мен қазақпын» мега жобасында өнер көрсетіп қайтқан. 2018 жылы Ш.Смаханұлы атындағы «Күлеміз бе?» әзіл-сықақ байқауында «Талас таланттары» халықтық театры бас жүлдеге ие болыпты. Сондай-ақ, республикалық «Жан серігім – домбыра» атты дәстүрлі әнші - жыршылар байқауында Бақтияр Сейітқұл арнайы жүлде алса, Баубек Айдарбеков «Жас қанат -2019 » республикалық байқауында лауреат атаныпты. Б.Айдарбеков 2019 жылы Ақмола облысында өткен халықаралық құстар фестивалінде «Көрермен көзайымы» атанса, Абайдың 175 жылдығына арналған халықаралық фестивалінде бас жүлдені иеленді. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай онлайн өткізілген облыстық «Жамбылым – ән бесігім!» атты жергілікті композиторлардың әндерін орындаушылар арасындағы конкурста таластық Нұрым Қойгелдиев бірінші орынға лайықты деп танылды. Мәдениетке қолдаулар да аз емес. «Қазфосфат» тау кен өңдеу кешенінің директоры Мұратқали Сәрсенов республикалық «Жас қанат» байқауына қатысқан Б.Айдарбековке және алты бишіге сахналық киім тіктіріп берген.
Талас ауданы түрлі онлайн мүшайра, айтыс өткізу бойынша да жемісті жұмыстар атқарып отыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жерлес ақын жазушылармен кездесу кештері де жиі өткізіліп тұрады. Соңғы уақыттың өзінде жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көсемәлі Сәттібайұлы мен ақындар Үміт Битенова, Сабыр Рысбаевпен рухани кездесулер өткізілген.
«Алда да атқарар жұмысымыз ауқымды. Биыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай республикалық онлайн жыр мүшайрасын өткіздік. Жақында аудан әкімі Бақыт Қазанбасовтың қолдауымен Ұлбике ақынның 195 жылдығына орай республикалық ақындар айтысын (карантин талаптарын сақтай отырып) өткізгелі отырмыз. Әйгілі Бекарыс Шойбеков бастаған бірқатар облыстардан айтыскерлер шақырдық. Қазір оның дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр» дейді Ұлбике ақын атындағы аудандық мәдениет орталығының директоры Кенже Пірман.
Есет ДОСАЛЫТалас ауданы
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз