бейсенбі, 26 желтоқсан, 2024 18:39

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қым-қуыт тірлік қызған шақ

Қым-қуыт тірлік қызған шақ
ашық дереккөзі
Қым-қуыт тірлік қызған шақ

Таулы өңірде орналасқан Жуалы ауданы үшін ауыл шаруашылығы да маңызды салалардың бірі саналады. Биыл аудан шаруалары да жылдағыдан да белсенді жұмыс істеді. Соның нәтижесінде малдың басы да артып отыр, егістіктің көлемі де көбейіп келеді. Бұл әлбетте елдің ырысын еселеп, қамбаның да, халықтың да тоқ болуының бірден бір кепілі. Дәл қазіргі уақытта Жуалы ауданында жиын-терім науқаны қызу жүруде. Шаруалар арпа-бидайды орып алып, қамбаға қызыл дәнді толтырып үлгерді. Арпа-бидай мен майлы дақылдардың ішіндегі мақсары дақылын көбінесе ауданның таулы аймағында орналасқан ауылдық округтің шаруалары егеді. Ал суармалы егістік, оның ішінде картоп, күнбағыс, бақша дақылдары көбінесе ауданның Ақсай, Мыңбұлақ, Нұрлыкент, Көкбастау, Қызыларық, Ақтөбе және Қарасаз ауылдық округтерінде егіледі.

Қызыларық ауылдық округінің шаруалары қазір алқаптағы картобын қазып алып жатыр. Округте белсенді әрі өнімді жұмыс істеп жатқан шаруалардың ішінен «Садирова» шаруа қожалығын айтуға болады. Сәрсекүл Садирова басқаратын аталған шаруашылықтың 312 гектар егістік жері бар. «Қимылдаған қыр асады» демекші, шаруа жыл сайын егін егу арқылы өнімділікті арттырып, жемісті жұмыс істеп келеді. Биыл 40 гектарға күнбағыс егілсе, 30 гектарға арпа, тиісінше, 40 гектарға күздік бидай егіпті. Қалғаны жоңышқалық, мал азығы үшін егілетін көпжылдық шөп. Биыл «Садирова» шаруа қожалығы картоп алқабының көлемін 32 гектарға ұлғайтып отыр. Атап айтқанда алқапқа «Импала», «Бюрена», «Алладин» деп аталатын картоптың элиталы сұрыпты түрлері егіліпті. Алынған өнім де жаман емес. Шаруашылық мүшелерінің айтуынша, әр гектардан 20 центнерден өнім жиналуда. Шаруа қожалықтың «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының маңындағы картоп алқабында қазір жұмыс қызу. Мұндағы күзгі жиын-терім жұмыстарына қожалық инженері, су шаруашылығының ардагері Серік Садиров басшылық етуде.

– Еңбек етуге ниет етіп, тірлік жасаған адамды қасиетті қара жер де құр қалдырмайды. Біз де осы мақсатта уақытпен санаспай, жыл он екі ай жұмыс істеп жатырмыз. Қазір менің жасым 70-те. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, осы жасыма қарамастан шаршамай-талмай жұмыс істеп жүрмін. Биыл картоптан жиналып жатқан өнім жаман емес. Картоппен қоса күнбағысты да жинап жатырмыз, – деген қожалық инженері жиын-терім кезінде кезіккен кедергілерді де айта кетті – Жұмыс болған соң, шаруашылық болған соң, сала проблемасыз болмайды. Бәрі жақсы, керемет дей алмаймын. Ауданда бес ауылдық округтің шаруалары егін шаруашылығымен айналысады. Сол бес округтің әкімшіліктерінде 10 адамға дейін қоғамдық жұмысшы бар. Олар көше тазалаумен, кейде ағаш бұтаумен айналысады. Кейде қолдары бос. Міне қазір қызу науқанның уақыты. Алқаптан қазылған дайын картопты теретін жұмысшы жоқ. Осындай қауырт науқанға сол қоғамдық жұмысшыларды тартса дұрыс болар еді. Бұл ең алдымен өздеріне пайда. Кешке дейін картоп теріп, жұмысына ақысын, сонымен қоса, 15 келіден картоп алады. Бізге де жақсы. Жұмыстың қызған уақытында, жиын-терім науқаны кезінде жұмысшы таппай әуре болмас едік. Жұмысшы күші әсіресе осындай науқан кезінде бізге аса қажет, – дейді ол.

Серік Садиров жан-жақта қызметте жүрген балалары да картоп қазатын уақытта жұмыстарынан демалыс алып, ауылға арнайы келетінін айтып қалды. Тіпті немерелері де науқан аяқталғанша осында жүріп, қол ұшын береді екен.

– Тағы бір мәселе өндірген өнімімізді өткізетін орын жоқ. Белгілі бір орын болмаған соң бағада да тұрақты болмайды екен. Жасыратын несі бар, біз делдалдарға 60-70 теңгеден сатсақ, олар тиісті орындарға апарып, дайын өнімді 90-100 теңгенің аралығында саудалайды. Өзіміз апарайын десек, ондағылар бізді кіргізбейді немесе өнімді мүлдем төмен бағамен жерге ұрып алады. Міне терімізді төгіп, жаз бойы қолымыздан кетпен-күрек түспеген біздің есіл еңбегімізді ортадағы адамдар пайдаланып кетіп жүр, – деген шаруашылық ардагері С.Садировтың бұл уәжі орынды-ақ.

Десе де ауызды қу шөппен сүртуге де болмайды. Үкімет биыл картоп өндірушілерге аз да болса көңіл бөліп, төмен пайыздық несиемен трактор берген. Жаңа «LOVOL» маркалы тракторы жер жыртып, оны өңдеуге жаңа күш әкелгендей. Шаруалар картоптың элиталы тұқымдарын да алып жатыр. Одан бөлек картоп тұқымын отырғызатын, қопсытатын және дайын өнімді жерден қазып алатын агрегаттарының бәрі жеткілікті. Екі-үш жүк көлігі және бар.

– Жалпы жұмыс істеуге жағдай бар. Тек жоғарыда айтылған мәселелерге аудан және облыс басшылығы құлақ асып, оны дер кезінде шешіп берсе нұр үстіне нұр болар еді, – дейді еңбек ардагері Серік Садиров.

«Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» деген сөздің жаны бар. Қазіргі таңда ауыл-ауылдарда егін және мал шаруашылығын дамыту арқылы тұрмысын түзеп, айналасындағыларға да жұмыс көзін тауып беріп жатқан еңбекқор азаматтар баршылық. Солардың бірі – біз сөз еткен бұрынғы инженер-гидротехник Серік Садиров. Кезінде «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының директоры қызметін абыроймен атқарған ол бүгінде Сұрым ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы қызметін де атқарып келеді. Егін шаруашылығынан бөлек, мал шаруашылығын да дамытуды қолға алып, 50 сауын сиырға арналған үлкен кешеннің құрылысын аяқтапты. Яғни егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығымен де тұрақты айналыссақ деген жоспарлары бар.

Нұржан МАНАСҰЛЫ, Жуалы ауданы

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар