жұма, 27 желтоқсан, 2024 9:31

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жылыту маусымына әзірлік қандай?

Жылыту маусымына әзірлік қандай?
ашық дереккөзі
Жылыту маусымына әзірлік қандай?

Әне-міне дегенше күнтізбеге күздің екінші айы да кірді. Қазірдің өзінде күннің райынан қылышын сүйретіп келе жатқан кәрі құда – қыстың лебі сезіледі. Ауылдағы ағайынның көмір түсіріп, отын-суын қамдап әлекке түскен осы бір шақта қала тұрғындары жылу тарататын мекемелерге үмітпен мойын созады. Оның үстіне күллі әлемді коронавирустық инфекцияның қайта өршуі алаңдатып отырған сәтте жылудың уақытылы берілуі де дәтке қуат.

Бұл мәселеге күздің алғашқы салқыны сезілген сәттен мән берген облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың салаға жауаптыларды жинап алып, жиын өткізгені есте. Сол жиында тиісті жұмыстарды әлі де ширата түсу туралы тапсырма алған мекемелер биылғы жылыту маусымына дайындықтың жоғары деңгейде екенін алға тартады. Мәселен облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы өңірдегі нысандардың жылу беруге дайындығы 96,4 пайызды құрайтынын мәлімдеді. Жауапты маусымға автономдық қазандықтардың дайындығы 97 пайызды, жылумен жабдықтау желілерінің дайындығы 99,8 пайызды құрайды. Сәйкесінше әлеуметтік нысандардың да әзірлік деңгейі жоғары.

– Қазіргі таңда облыстағы бюджеттік мекемелер жылыту маусымына қажетті көмірдің 93 пайызымен қамтылды. 246,7 мың тонна көмірдің 149 мың тоннасы жеткізілді. Облыс аумағында көмірді бөлшектеп сату 27 кәсіпкерлік нысанда жүргізілмек. Тұрғындарға осы орындардан көмірді қолжетімді бағада және ертерек сатып алуға кеңес береміз. Ал көпқабатты тұрғын үйлердегі жылуды қалыпты деңгейде сақтау мақсатында олардың кейбірінің шатыры мен терезелерін ауыстыру сынды жұмыстар жүргізілді. Биыл «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту» бағдарламасына республикалық бюджеттен 3,4 миллиард теңге қарастырылып, Тараз қаласындағы 80 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – дейді облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев.

Облыс орталығын жылумен қамтитын «ТаразЭнергоОрталығы» акционерлік қоғамының басшылығы да қылышын сүйретіп келе жатқан қысқа ала жаздай қам жасалғанын айтады.

– Біздің мекеме Тараз қаласындағы 1041 көпқабатты тұрғын үйдегі 52 725 тұтынушыны жылумен қамтиды. Сондай-ақ тұтынушыларымыздың қатарында облыс орталығындағы 19 денсаулық сақтау нысаны мен 58 білім беру мекемесі, 822 заңды тұлға да бар. Оларды жылу энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылға жоспарланған барлық жөндеу жұмыстары толығымен орындалды. Атап айтқанда екінші бу қазандығы күрделі жөндеуден өтті. Ал бірінші бу қазандығының пайдалануға беру мерзімін ұзарту үшін ағымдағы техникалық-диагностикалық жұмыстар жүргізілді. Мұндай жұмыстар төртінші және бесінші су қыздыру қазандықтарында, бірінші бу турбинасында да жүргізілген болатын. Мекеменің апаттық мазут қоры 1865,6 тоннаны құрайды. Ал табиғи газдың 2020 жылға жоспарланған көлемі 75 миллион 31 мың текше метрге тең. Жылыту маусымы қарсаңында тұтынушыларға жылу энергиясы үшін қарызы болған жағдайда кешіктірмей төлеуді ескерткім келеді. Қазіргі таңда өткен жылыту маусымы үшін заңды тұлғалардың берешегі 60 миллион 932 мың теңге болса, жеке тұлғалардың қарызының жалпы сомасы 188 миллион 689 мың 552 теңге. Ал жылуды Тараз қаласы әкімдігімен келісімге сай қазан айының ортасына қарай бере бастаймыз, – дейді «ТаразЭнергоОрталығы» акционерлік қоғамының президенті Әбутәліп Серікбаев.

Жылыту маусымына дайындықтың барысы туралы жауапты мекемелердің берген мәліметіне сүйенсек, жамбылдықтар қыстың ызғарын анау айтарлықтай сезінбейтін сыңайлы. Әйтсе де ала жаздай жүргізілген жұмыстың сапасы кәрі құда қаһарына мінген сәтте сыналатынын естен шығармағанымыз жөн.

  Шынболат Күзекбаев
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар