
Ауқымды шараның басты мақсаты — жас ұрпақты Отансүйгіштікке тәрбиелеу, жауапкершілік пен тәртіпті бойларына сіңіру, сондай-ақ елдің қорғаныс қабілетін нығайту жолындағы азаматтық белсенділікті арттыру, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 100-ден астам жоғары сынып оқушысы, «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілері, әскери кафедралардың өкілдері, бастауыш әскери дайындық пәні мұғалімдері, «Әлияшылар» қозғалысына қатысушы қыздар қатысты. Қатысушылардың жалпы саны 300-ден асты.
Салтанатты ашылу рәсіміне Мәжіліс Төрағасы, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, ҚР Парламентінің депутаттары, Қорғаныс министрлігі мен «Астана» өңірлік қолбасшылығының басшылығы, әскери сала ардагерлері мен қоғам өкілдері қатысты.
Өз сөзінде Ерлан Қошанов «Qaisar» жобасының алғаш рет 2022 жылы партияның кезектен тыс XXII съезінде ұсынылғанын, бұл бастамаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдау білдіргенін атап өтті. Сол уақыттан бері ойындар тұрақты түрде өтіп келеді. Бұл жоба бүгінде жай ғана әскери-спорттық жарыс емес, шынайы патриотизм мен жауапкершілік мектебіне айналды. Осы жылдар ішінде жобаға 5 мыңға жуық жасөспірім қатысып, өз білімін, физикалық даярлығын және ерік-жігерін шыңдады.
Екі күнге жоспарланған әскери-патриоттық ойындар аясында қатысушылар мынандай бағыттар бойынша бақ сынайды:
- Далалық жағдайда қару-жарақты қолдану мен автоматты шашып-жинау;
- Әскери эстафета мен физикалық төзімділік сынақтары;
- Зияткерлік сайыстар мен тактикалық тапсырмаларды орындау;
- Ұлттық спорт түрлері мен заманауи цифрлық бағыттар бойынша жарыстар.
Биылғы бағдарламаның ерекшелігі – дәстүр мен технологияның үйлесім табуы. Ойындарға алғаш рет IT бағыттағы пәндер мен ұлттық ойын түрлері енгізіліп отыр.
Сонымен қатар, Спасск аумағында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған арнайы көрме ұйымдастырылды. Бұл көрме майдангерлердің ерен ерлігін жас буынның санасына сіңіріп, ұрпақтар сабақтастығы мен тарихи жадыны сақтау жолындағы маңызды қадам болды.
«Qaisar» ойындары — болашақ сарбаздың мектебі ғана емес, рух пен тәртіптің, бірлік пен намыстың алаңы.
Бұл жоба жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, оларды ел қорғаны болуға тәрбиелейді.
Жамбыл облысынан іріктеліп алынған командалар да бұл байқауға қатысуда. Жерлестерімізге сәттілік тілейміз! Ел намысын абыроймен қорғап, биік жетістіктерге жете беріңіздер!