«Қарасора-2025»: Маңғыстауда әкім орынбасарлары қамауға алынды
- авторБақытжан Бекболат
- 19 қыркүйек, 2025
- 344
Маңғыстау облысында есірткі қылмысына қатысы бар деген күдікпен Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары мен Атамекен ауылдық округі әкімінің орынбасары ұсталды. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ведомствоның мәліметінше, «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Мұнайлы ауданының үш тұрғыны қолға түскен. Олардың қатарында аудан әкімінің орынбасары да бар.
Қазіргі таңда аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Аудан әкімінің орынбасары уақытша ұстау изоляторына қамалды, ал өзге күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасы қаралуда. Тәркіленген заттар сараптамаға жіберілген.
Әкімдік өкілдері мемлекеттік қызметшілер арасында заңсыз әрекеттерге жол берілмейтінін атап өтті.
— Маңғыстау облысы әкімдігі мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлық пен заңсыз әрекеттерге мүлде төзбеушілік саясатын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Заң талаптарын бұзғандарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес ең қатаң шаралар қолданылады. Мемлекеттік қызмет қатарын адал емес қызметкерлерден арылту — әкімдіктің басты басымдықтарының бірі, — делінген хабарламада.






