Қасқыр тауында 4 сағатқа созылған құтқару операциясы сәтті аяқталды
- авторБақытжан Бекболат
- 15 тамыз, 2025
- 505
Кеше күндіз Алматы қаласының Бостандық ауданында орналасқан Қасқыр тауында төтенше жағдай орын алды. 5 адамнан құралған жасөспірімдер тобы тау бөктерімен көтеріліп келе жатып, жартасты жыраға түсіп кетіп, өз бетімен шыға алмай қалған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Хабар топтың бір қатысушысынан келіп түсті. Жасөспірім оқиғаның нақты орнын геолокация арқылы көрсеткен. Дереу оқиға орнына ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Республикалық жедел-құтқару жасағы жолға шықты. Құтқару тобы құрамында кинологиялық есеп пен қажетті арнайы жабдық болды.
Тау жотасының күрделі, тасты бедері мен қиын өткелдері құтқарушылардың жұмысын біраз созды. Зардап шеккендерге жету үшін 4 сағаттан астам уақыт қажет болды. Кері қайту жолын да биік жартастар мен түнгі уақыт қиындатқан.
Соған қарамастан, барлық жасөспірімдер аман-есен құтқару техникасына жеткізілді. Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ.
Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындар мен қала қонақтарына таулы аймақтарда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды және жалғыз немесе дайындықсыз шығудан аулақ болуды ескертеді.






