Қазақстан мен Швеция арасындағы сауда айналымы 300 млн доллардан асты
- авторБақытжан Бекболат
- 4 маусым, 2025
- 146
Астанада Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Швеция Корольдігі Сыртқы істер министрлігінің Сауда саясаты жөніндегі бас директоры Камилла Мелландермен кездесті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Швед тарапы елімізге ірі іскерлік делегацияны бастап келген.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Швеция арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму болашағын талқылады. Әсіресе, өзара сауданы арттыру мен инвестициялық байланыстарды кеңейту мәселесіне ерекше назар аударылды.
Роман Василенко швед делегациясын Қазақстанда жүзеге асып жатқан институционалдық реформалармен таныстырып, әртараптандырылған және болашаққа бағытталған экономиканы қалыптастырудағы қадамдарды атап өтті. Ол өнеркәсіп, «жасыл» технологиялар, орнықты даму, цифрландыру және инновациялар бағытында швед компанияларымен ынтымақтастықты жандандыруға мүдделілік білдірді. Сонымен қатар, екі ел арасындағы сауда айналымын ұлғайту үшін бірлескен күш-жігерді арттыруды ұсынды.
Камилла Мелландер өз кезегінде Қазақстан мен Швеция арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, тұрақты сауда, көлік және логистика, цифрлық трансформация мен сирек жер металдарын барлау және өндіру салаларындағы өзара іс-қимылды дамытуға швед тарапының дайын екенін жеткізді.
Кездесу өзара сенім мен ашықтық рухында өтті. Тараптар алдағы уақытта да бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау бойынша диалогты жалғастыруға уағдаласты.
Айта кетейік, 2024 жылы Қазақстан мен Швеция арасындағы тауар айналымы 327,4 млн АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт – 27,7 млн, импорт – 299,7 млн доллар. Ал Швецияның елімізге тікелей инвестициялары 47,8 млн долларға жетіп, 2005 жылдан бері бұл көрсеткіш 675 млн доллардан асты. Бүгінде Қазақстанда швед капиталының қатысуымен «Ericsson», «Scania», «Volvo» және басқа да алпауыттарды қамтыған 60-тан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл – екі ел арасындағы сенімді серіктестіктің нақты көрсеткіші.
Байзақта шыңдалған шыны шығаратын зауыт ашылды
Ұқсас жаңалықтар
Әлеуметтік төлемдерге жұмсалған қаражат 310 млрд теңгені құрады
- авторБақытжан Бекболат
- 20 маусым, 2025