Қазақстан мен Қытай арасында құс етін экспорттау туралы жаңа Хаттамаға қол қойылды
- авторБақытжан Бекболат
- 22 мамыр, 2025
- 193

Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Қытайдың Бас кеден басқармасының басшысы Сунь Мэйцзюнь құс етін экспорттау талаптарына қатысты ветеринариялық-санитариялық Хаттамаға қол қойды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл келісім екі ел арасындағы аграрлық сауданы кеңейтуге бағытталған.
Құжат – Қазақстанның Қытай нарығына ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаудағы жүйелі жұмысының нәтижесі. Қытайда қазақстандық өнімдерге сұраныс жоғары. Бүгінге дейін мал шаруашылығы өнімдеріне қатысты 11 Хаттамаға қол қойылып, 29 өнім түрі экспортқа рұқсат алған. Қосымша 88 кәсіпорын тізілімге енгізіледі.
«Мемлекет басшылары агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ынтымақтастықты тереңдетудің стратегиялық маңызын бірнеше мәрте атап өтті. Біздің басты міндетіміз – қытай нарығына жеткізілетін өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне жоғары талаптарды қамтамасыз ету үшін барлық жағдайды жасау», – деді Айдарбек Сапаров.
2024 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы аграрлық өнімдер айналымы 1,4 млрд долларды құрап, 10,5%-ға өскен. Экспорт көлемі – 1,05 млрд доллар. Негізгі өнімдер – жем-шөп, дәнді және майлы дақылдар. Жем экспорты 485%-ға артқан.
2025 жылғы қаңтар-наурыз аралығында өзара сауда 45%-ға өсіп, 430,5 млн долларды құрады. Оның ішінде 301,9 млн доллары – экспорт.
Тараптар алдағы уақытта дәнді дақылдар, күріш, мақта тұқымы және бақша өнімдерінің экспортын кеңейтуге ниетті. 2023–2024 жылдары Қытайға жыл сайын 1,4 млн тонна астық жөнелтілсе, 2024–2025 жылдары бұл көрсеткіш 1,859 млн тоннаға жетті (өсім – 27%).
Кездесу өзара сенім мен стратегиялық әріптестіктің, сондай-ақ агросаладағы ынтымақтастықты тереңдетудің нақты дәлелі болды.