Қазақстанда атом саласын дамыту стратегиясына сәйкес 2050 жылға қарай кемінде үш атом электр станциясын іске қосу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Құжатта электр энергиясына деген сұраныстың артуы ескеріліп, қосымша қуат көздерін кезең-кезеңімен енгізу көзделген.
– Атом саласын дамыту стратегиясын іске асыру 2050 жылға қарай Қазақстан Республикасында кемінде үш атом электр станциясының жұмыс істеуін көздейді. Электр энергиясын тұтынудың болжамды өсуін ескере отырып, төртінші станцияны салу жобасын іске асыру да қарастырылған, – делінген құжатта.
Сонымен қатар шағын модульдік реакторлар негізіндегі жобалар да қарастырылуда.
– Елдің қолайлы өңірлерінде шағын модульдік реакторлар базасында атом электр станцияларын салу нұсқалары технологиялық және экономикалық орындылығын ескере отырып қарастырылады. Бұдан бөлек, пайдаланудан шығарылатын көмір электр станцияларын атомдық қуаттармен алмастыру мүмкіндігі де назарға алынуда, – деп атап өтілген.
Мамандардың айтуынша, бұл шаралар энергетика секторын әртараптандыруға мүмкіндік береді.
– Аталған бастамалар экономиканың энергетикалық секторын әртараптандыруға және елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін едәуір арттыруға бағытталған, – делінген стратегияда.






