Қазақстанда алғашқы АЭС салатын халықаралық консорциумның көшбасшысы анықталды
- авторБақытжан Бекболат
- 14 маусым, 2025
- 638

Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі халықаралық сарапшылардың қатысуымен еліміздегі алғашқы атом электр станциясын (АЭС) салуға арналған консорциум көшбасшысын анықтау жұмысын аяқтады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Әлемдік реактор өндірушілерімен келіссөздер жүргізіліп, олардың өндірістік нысандарына сапарлар ұйымдастырылды.
Нәтижесінде әлеуетті жеткізушілердің «қысқа тізіміне» келесі компаниялар енді:
«Росатом» (Ресей)
China National Nuclear Corporation (Қытай)
Électricité de France (Франция)
Korea Hydro & Nuclear Power (Оңтүстік Корея)
Аталған компаниялар Қазақстанда АЭС салу бойынша техникалық және коммерциялық ұсыныстардан тұратын кешенді материалдар пакетін ұсынды. Ұсыныстарда келесі негізгі аспектілер қамтылды:
құрылыстың болжамды құны;
жобаны іске асыру мерзімдері;
қаржыландыру тарту модельдері;
жабдықтар мен құрылыс жұмыстарын жергіліктендіру тәсілдері;
кадр даярлау және ғылыми-білім беру әлеуетін дамыту;
ядролық отын цикліндегі ықпалдастық мүмкіндіктері;
әлеуметтік міндеттемелер.
Ұсыныстар Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС және француздық Assystem инженерлік компаниясы бірлесіп әзірлеген әдістеме негізінде жан-жақты бағаланды. Бағалау келесі өлшемдер бойынша жүргізілді:
АЭС қауіпсіздігі;
технологиялық және қаржылық тиімділік;
халықаралық тәжірибе;
кадрлық қамтамасыз ету;
жергіліктендіру деңгейі және өзге де көрсеткіштер.
Аталған талдау нәтижелері атом саласын дамыту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына ұсынылды. Қорытындысы бойынша ең тиімді әрі оңтайлы ұсыныс «Росатом» компаниясынан келгені анықталды. Екінші орынды – Қытайдың CNNC компаниясы, үшінші орынды – Францияның EDF пен Оңтүстік Кореяның KHNP бөлісті.
Осылайша, «Росатом» Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу жобасы бойынша халықаралық консорциумның көшбасшысы болып танылды.
Қазіргі таңда ресейлік тараптың ұсыныстары негізінде мемлекеттік экспорттық қаржыландыру тарту мәселесі пысықталуда.
Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі алдағы уақытта шетелдік әріптестерімен бірлесе отырып, елімізде алғашқы АЭС салу бойынша тиімді халықаралық консорциумды қалыптастыру жұмысын жалғастырады.