2026 жылдың 22-24 сәуірі аралығында Қазақстан астанасында қоршаған орта мен су ресурстары проблемаларын талқылау және өзекті мәселелер бойынша келісімдерге қол жеткізу үшін мемлекет басшыларын, сарапшылар және халықаралық ұйымдардың жетекшілерін бір алаңда біріктіретін алғашқы Өңірлік экологиялық саммит өтеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Іс-шара мақсаты – қоршаған ортаға қатысты мәселелерді шешудің бірлескен практикалық шешімдерін шығару үшін ашық халықаралық платформа құру.
Орталық Азия елдерінен, Еуропалық Одақтан, ШЫҰ-нан және Таяу Шығыстан шамамен 1500 қатысушы ағымдағы мәселелерді талқылау және мемлекетаралық келісімдерге қол жеткізу үшін саммитке қатысады деп күтілуде.
Саммитте негізгі 8 тақырып бойынша мәселелер талқыланады. Олар:
Экологиялық жəне табиғи тəуекелдерге бейімделу жəне экономикалық орнықтылық;
Азық-түлік қауіпсіздігі жəне өңір экожүйесі
Табиғи ресурстарды орнықты басқару;
Атмосфералық ауаның ластануымен күрес жəне қалдықтарды басқару;
Экологиялық амбицияларға қол жеткізу тетіктері;
Əділетті жəне инклюзивті өтпелі кезең;
Экологиялық жəне цифрлық құзыреттер;
Климаттық өтуді қолдау.
Саммит аясында Орталық Азия мемлекет басшылары тарапынан ортақ декларация қабылдау жоспарланып отыр.
2026 жылы БҰҰ-мен серіктестікте Өңірлік экологиялық саммитті (ӨЭС 2026) өткізу ұсынысын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-ші сессиясы барысында жариялаған болатын.
Саммиттің халықаралық серіктестері: БҰҰ, ЭЫДҰ, ХЭА, ХЖЭА, АДБ, ДБ, ЕҚҚДБ, IWMI, SWITCH-Asia.





