бейсенбі, 26 желтоқсан, 2024 7:05

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қазақстанда қоқыстан шыны ыдыстар мен көлік бамперлері шығарылады

Қазақстанда қоқыстан шыны ыдыстар мен көлік бамперлері шығарылады
Коллаж: jambylinfo.kz
Жобаларды жүзеге асыру үшін 232 млрд теңгеден астам қаражат қажет

Қазақстанда тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу зауыттары салынады. Қоқысты қайта өңдеу нәтижесінде брусчатка, люк, шыны ыдыстар мен көлік бамперлері сияқты тұтыну тауарлары шығарылады. Бұл туралы экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді, деп хабарлайды jambylinfo.kz. 


Оның айтуынша, тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеп, дайын өнім алу үшін сапалы қайталама шикізат қажет. Ол үшін қайта өңдеуге дейінгі барлық технологиялық операцияны, яғни жинау, тасымалдау және сұрыптауды ретке келтіру қажет. 


Осыған байланысты үкімет қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды қаржыландырудың жеңілдетілген тетігін бекітті. Ол – қоқыс таситын көліктерді сатып алуға, сұрыптау желілерін және қайта өңдеу қуаттарын салуға бағытталған. 


"Қаржыландыру Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 3 жылдан 15 жылға дейінгі қарыз беру мерзімін және 3%-тік сыйақы мөлшерлемесін қарастырады. Бөлінетін қаражаттың жалпы мөлшері 3 жылға шамамен 200 млрд теңгені құрайды", - деді Нысанбаев үкімет отырысында. 


Экология министрлігінің жанынан құрылған Жобалық топ барлық әкімдікпен  және салалық бизнес өкілдерімен кездесу өткізген. Жобаларды қарау кезінде өңірлердегі коммуналдық қалдықтың қазіргі жағдайын талдауға және жобалардың тиімділігіне баса назар аударылған. 


"Нәтижесінде 232,2 млрд теңге сомаға 94 жоба іріктелді. Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде брусчатка, люктер, қоқыс бактары, шыны таралары, стрейч пленкалар, көлік бамперлері сияқты халықтың басқа да тұтыну тауарлары шығарылады", - деді министр. 


Сондай-ақ, Нысанбаев атап өткендей, қалдықтарды басқарудың маңызды бөлігі – жеткілікті деңгейде контейнерлер мен қоқыс таситын көліктермен қамтамасыз ету. 


Әкімдіктердің мәліметіне сүйенсек, бүгінгі күні елімізде 133 мың дана контейнер бар, ал қосымша қажеттілік 60 мың дананы құрап отыр. Ірі қалаларда 1681 қоқыс таситын көлік қызмет етеді, қосымша қажеттілік шамамен 900 дананы құраса, оның 223 данасы инвестициялық жобаларда ескерілді, деп жалғастырды сөзін ведомство басшысы.   


"Контейнерлер мен қоқыс таситын көліктер жергілікті бюджет пен жеке инвестиция есебінен сатып алынуға тиіс. Қызылорда және Жетісу облыстарының тәжірибесін атап өткім келеді. Бұл өңірлерде жобалар облыс орталығында ғана емес, аудандарда да пысықталды. Шешім қабылдау барысында қалдықтардың қалыптасу көлеміне, логистика мен қажетті инфрақұрылымды тиімді орналастыруға басты назар аударылды. Мұндай тәсілді өзге өңірлерге де таратуды ұсынамын", - деді Нысанбаев. 


Бұған дейін президент үкіметтің кеңейтілген отырысында инвесторларды тарта отырып, ірі қалаларда тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарын салу туралы тапсырма берген болатын.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар