Қазақстанда зейнетақы төлемдерінің жаңа тәртібі енгізіледі
- авторБақытжан Бекболат
- 17 мамыр, 2025
- 7.8k

Зейнет жасына жеткен, алайда ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен жинақтарын алуға өтініш бермеген азаматтарға зейнетақы төлемдері автоматты түрде жүргізілетін болады, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл өзгеріс Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төлемдерді жеңілдетуге бағытталған.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осы мақсатта 2023 жылғы 26 мамырдағы №27 қаулыға өзгерістер енгізу туралы жаңа жоба әзірледі. Құжатта ЕЗЖ арқылы зейнетақымен қамсыздандыру шартының үлгі нысаны мен төлем тәртібі жаңартылмақ.
Мақсат – талап етілмеген ЕЗЖ жинақтарының алдын алып, барлық зейнетақы төлемдеріне бірдей көзқарас қалыптастыру.
"Жоба «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларының құқықтарын қорғау, байланыс және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын іске асыру шеңберінде әзірленді. Құжаттың толық мәтінімен Агенттіктің интернет-ресурсында танысуға болады", - делінген ресми хабарламада.