Қазақстандық құрылыс компаниясы халықаралық нарықта көш бастады
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 09:10
- 49
Қазақстанда тұрғын үй құрылысы нарығы қарқынды дамуын жалғастырып, пайдалануға берілген баспана көлемі бойынша рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізуде, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ranking.kz порталының дерегінше, саладағы отандық көшбасшылар — BI Group пен Bazis-A компаниялары — ішкі нарықтағы жобалармен шектелмей, шетелдерде де тұрғын және коммерциялық нысандарды жүзеге асырып, халықаралық деңгейде белсенді жұмыс істеп келеді.
Қазіргі таңда BI Group төрт елде — АҚШ, БАӘ, Өзбекстан және Әзербайжанда қызмет атқарады. Ал Bazis-A компаниясының жобалары Ресейде, Өзбекстанда және Канадада жүзеге асырылуда.
Қазақстандық девелоперлердің жұмыс ауқымы әлемдік жетекші құрылыс компанияларының деңгейімен пара-пар екені де назар аудартады. Мұны Cushman & Wakefield Veritas консалтингтік компаниясының зерттеуі растайды. Зерттеу аясында әлемдегі ірі құрылыс компаниялары мен қазақстандық BI Group компаниясының көрсеткіштері салыстырылған. Нәтижесінде отандық компанияның көрсеткіштері күткеннен де жоғары болғаны анықталды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша BI Group пайдалануға берген тұрғын үйдің жалпы аумағы 2,4 млн шаршы метрді құрады. Бұл көптеген ірі халықаралық компаниялардың осы кезеңдегі нәтижелерінен жоғары.
Атап айтқанда, 2025 жылы тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі төмендегідей болды:
• EMAAR — 1,8 млн шаршы метр;
• DAMAC Properties — 1,4 млн шаршы метр;
• Binghatti Holding — 1,1 млн шаршы метр;
• «ПИК» — 1,7 млн шаршы метр;
• «Самолёт» — 1,1 млн шаршы метр;
• «ЮгСтройИнвест» — 611 мың шаршы метр;
• ROSHN — 1,4 млн шаршы метр;
• Dar Al Arkan — 600 мың шаршы метр.
Осылайша, қазақстандық құрылыс компаниясы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі бойынша әлемдік ірі девелоперлермен тең дәрежеде бәсекелесіп қана қоймай, кейбірін басып озған. Бұл нәтиже, әсіресе, Қазақстан нарығының көлемі жаһандық компаниялар жұмыс істейтін елдермен салыстырғанда әлдеқайда шағын екенін ескерсек, ерекше маңызға ие.





