«Bek Air» ұшағының апатына қатысты сот үкімі жарияланды
- авторБақытжан Бекболат
- 6 қараша, 2025
- 217
Алматы қаласының Түрксіб аудандық соты 2019 жылғы 27 желтоқсанда Алматы әуежайы маңында болған «Bek Air» әуе компаниясына тиесілі «Fokker 100» ұшағының апатына байланысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Соттың шешімі бойынша, әуе кемесінің командирі мен екінші ұшқышы ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабы 3-бөлігінде көзделген — адам өліміне әкеп соққан әуе қозғалысы қауіпсіздігі қағидаларын бұзу дерегі бойынша кінәлі деп танылды.
Бас көлік прокуратурасының хабарлауынша, айыпталушылардың қайтыс болуына байланысты оларға жаза қолданылған жоқ. Тергеу нәтижесінде экипаж тарапынан ұшу қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзу фактілері анықталып, дәл осы жағдай апатқа әкелгені белгілі болды.
Апат кезінде ұшақ бортында барлығы 98 адам болған. Оның ішінде 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі. Қайғылы оқиға салдарынан 11 жолаушы мен ұшақ командирі қаза тапқан, ал екінші ұшқыш емделуден шыққан соң көз жұмған.
Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.






