Бекзат Нұрдәулетовке 5 миллион теңге көлемінде сыйақы берілді
- авторБақытжан Бекболат
- 23 шілде, 2025
- 634
Бокстан World Boxing Әлем кубогының жеңімпазы атанған Бекзад Нұрдәулетовке Маңғыстау облысында айрықша құрмет көрсетілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ақтау қаласына оралған чемпионды облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев пен қала әкімі Әбілқайыр Байпақов арнайы құттықтап, халықаралық аренада ел абыройын асқақтатқан спортшыға 5 миллион теңге көлемінде сыйақы табыс етті.
- Облыс әкімі Нұрдәулет Игілікұлы жастарға, әсіресе спорт саласындағы талантты өрендерге үнемі қолдау көрсетіп келеді. Бүгін де өңір басшысының атынан жерлесіміз, Бекзат бауырымызды арнайы құттықтап келіп отырмыз. Жалпы, Маңғыстау тарихында шаршы алаңда ел абыройын асқақтатқан талай мықты спортшылар мен білікті бапкерлеріміз жетерлік. Бекзат бауырымыз да сол саңлақтардың лайықты ізбасары. Қазақ боксы бүгінде әлемдік аренада өзіндік орны бар спорт түріне айналды. Жеңіс ешқашан оңайлықпен келмейді. Оған жету үшін маңдай терді төгіп, уақытты сарп етіп, осы жолда еңбек ету керек. Болашақта үлкен жетістіктерге жетулеріңізге тілектеспін. Олимпиада төрінде топ жарып, еліміздің атын тағы да асқақтата беріңіздер, - деді Әбілқайыр Байпақов.
Чемпионның жеңіс жолында тынымсыз еңбек етіп, тер төккен бапкері Жолдасов Абу да ескерусіз қалмады. Жаттықтырушыға 1 миллион теңге көлемінде сыйақы берілді.






