Бишімбаевтың ісін қарап жатқан судья Айжан Құлбаева туралы не білеміз
- авторИндира Тәліпқызы
- 11 сәуір, 2024
- 2.0k
Айжан Құлбаева 2022 жылдың 28 желтоқсанынан бері Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы болып қызмет атқарады. 1975 жылдың 14-ші желтоқсанында дүниеге келген. Оңтүстіктің тумасы. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегі. Еңбек жолын 1996 жылы Шымкенттегі «Дауыл» фирмасында заңгер болып бастаған. Әр жылдары Қостанай, Астана қаласының Алматы, Байқоныр аудандарында судья болып еңбек еткен. Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі, ІІ дәрежелі «Сот жүйесінің үздігі» төсбелгісінің иегері.
Айжан Құлбаева бұған дейін Астанада басқа да бірқатар атышулы істерді қараған. Олардың қатарында Мәжілістің бұрынғы депутаты Нұржан Әлтаевқа, журналист Махамбет Әбжанға қатысты істер және "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының сотталған бұрынғы басшысы Талғат Ермегияевқа колонияда қамқорлық жасау істері бар.
Айжан Құлбаева жоғарыда есімі аталған журналист Махамбет Абжанды 9 жылға, экс вице-министр әрі депутат Нұржан Әлтаевты 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған болатын. Сондай-ақ ол қазір «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовке қатысты істі қарап жатыр.
Айта кетейік, бүгін Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов судья Айжан Құлбаеваны істен шеттетуді талап етіп, сенімсіздік білдірген. Алайда, түстен кейін істі Айжан Құлбаеваның өзі жалғастырды. Адвокат Әлия Омарованың пікірінше, сотталушы Қуандық Бишімбаев сот процесін барынша ұзартуға тырысып отыр.