Депутат Жамбыл облысының шаруаларына ақша аз бөлінгеніне алаңдап отыр
- авторjambylinfo.kz
- 11 сәуір, 2024
- 612
Сенат депутаты Сәкен Арубаев Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қаражат жеткіліксіз жоспарланғанын мәлімдеді, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Мысалы, депутаттың айтуынша, биылға 9,8 мың гектар алқапта қант қызылшасын өндіруге 8,6 млрд теңге қажет болатын, алайда 2 млрд теңге ғана бөлінген. Бұған қоса минералды тыңайтқыштарды субсидиялауға қажетті 3,1 млрд теңге де қарастырылмаған.
«Негізгі мәселелердің бірі – өздігінен жүретін доңғалақты тракторлар мен комбайндардың жаңару көрсеткішін 10 пайызға дейін жеткізу. Ал, шаруалардың өз қаражаты есебінен техниканы сатып алуға мүмкіншілігі төмен. Бүгінгі күні техниканы және технологиялық жабдықты сатып алуға несие беру, сондай-ақ лизинг кезінде сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бағдарламасы аясында бастапқы аванстық төлем жүргізу арқылы өз шешімін тауып жатыр. Дегенмен, бұған дейін жасалған шарттар бойынша субсидиялар сомасы мен алдағы қарастырылатын жобаларға аванстық төлемдер өтелген жағдайда, қосымша 100 бірлік әртүрлі техникамен қамтуға мүмкіндік бар. Бірақ бұл мәселе де шешімін таппай отыр», - деді Арубаев депутаттық сауалында.
Сонымен қатар сенатор өңірдің мал шаруашылығы саласында да жағдай күрделі екенін атап өтті. Осы саланы дамытуға 5,3 млрд теңге бөлінсе де, өткен жылдан қалған қарыз 2,6 млрд теңгені құраған. Бұл мал шаруашылығының бұдан былайғы дамуына қауіп төндіріп отыр. Осыған байланысты депутат Жамбыл облысының агроөнеркәсіптік кешенінің 2023 жылдан қалған қарыздарын өтеуге және 2024 жылға қолдау көрсету үшін тиісті қаржы қарастыруды ұсынды.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз