Елде автокөлік тіркеу көлемі екі есеге жуық қысқарды
- авторБақытжан Бекболат
- 30 қазан, 2025
- 218
Қыркүйек айында елімізде небәрі 78 мың жеңіл автокөлік тіркелді — бұл 2022 жылдың сәуірінен бергі ең төменгі көрсеткіш, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының дерегінше, тіркеу көлемі бір ай бұрынғы және бір жыл бұрынғы деңгеймен салыстырғанда екі есеге жуық қысқарған.
Мәселен, 2023–2024 жылдар аралығында ай сайын 110 мыңнан астам көлік тіркеліп отырған. Тек 2023 жылдың тамызында және 2025 жылдың қаңтарында ғана уақытша төмендеу байқалды.
Мұндай тұрақтылық ең алдымен шетелдік нөмірлі көліктерді заңдастыру науқанымен байланысты болды. Бұл бастама 2023 жылдың қаңтарында қолға алынды. Сол кезде Қазақстан азаматтарына шетелден әкелінген көліктерін ресми түрде тіркеуге мүмкіндік берілген болатын.
2024 жылы заңдастыру науқаны аяқталып, мұндай көліктерді ел аумағында тіркеусіз басқаруға тыйым салынды. Соған қарамастан, автокөлік тіркеу белсенділігі 2024 және 2025 жылдардың басында жоғары деңгейде сақталды.
Ал, 2025 жылдың сәуірінен бастап Ұлттық статистика бюросы көлік тіркеу деректерін екі санат бойынша – бастапқы және қайталама тіркеу түрінде жариялап келеді.
Бұрын көліктердің барлығы бір тізімде есептелсе, енді алғашқы тіркеулер мен қайталама тіркеулер жекелеген түрде есептелінеді. Дәл осы тәсіл енгізілгеннен кейін төмендеу екі бағытта да байқалған.
Қайталама тіркеулер, яғни бұрын тіркелген, бірақ жаңа иесіне өткен көліктер саны 51,5 мыңға азайып, 71,4 мың бірлікке дейін түсті.
Бастапқы тіркеулер (елде алғаш рет тіркеліп отырған көліктер) 15,2 мыңнан 6,6 мыңға дейін қысқарған.






