Елімізде 13 мыңнан астам азаматқа арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалды
- авторМағжан Орынбасар
- Бүгін, 10:01
- 81
Елімізде 13 мыңнан астам азаматқа арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
2024 жылғы 24 желтоқсандағы жағдай бойынша 13 423 азаматқа зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдарға арналған арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалды. Аталған төлемді тағайындауға жалпы 14 195 адам өтініш білдірген, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Екі көзден төленетін арнаулы әлеуметтік төлемге 3 201 адам жүгінді, оның ішінде 3 087 адамға тағайындалды.
Төрт қаржыландыру көзінен берілетін АӘТ (республикалық бюджет, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, жұмыс беруші және өмірді сақтандыру ұйымы) тағайындауға 10 994 адам өтініш білдіріп, оның 10 336-сына тағайындалған.
Сондай-ақ, 240 азамат сақтандыру компаниясымен зейнеткерлік аннуитет шартының жасалуын күтуде, 138 азамат СМС хабарламаға жауап бермеген. Міндетті шарттарды орындамағандықтан, 394 өтініш берушіге АӘТ тағайындаудан бас тартылды.
Өңірлер бойынша арнаулы әлеуметтік төлемдерді алуға өтініш білдіргендердің ең көп саны Қарағанды (2 көзден – 546 адам, 4 көзден – 1 926 адам), Қостанай (2 көзден – 343 адам, ал 4 көзден – 1 172 адам) және Шығыс Қазақстан (2 көзден – 287 адам, ал 4 көзден – 1 204 адам) облыстарында тіркелген.
Бұрын хабарланғандай 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдарға арнаулы әлеуметтік төлем енгізілді.
Арнаулы әлеуметтік төлем тағайындау үшін 55 жасқа толу және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымдарының болуы міндетті шарттар болып табылады. Төлем зейнеткерлік жасқа дейін төленеді. Арнаулы әлеуметтік төлемдерді алу үшін еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналыспауға тиіс. Жұмыскерлер жеңіл жұмысқа ауыса алады, содан кейін олар жалақы мен төлем алады немесе демалысқа шығып, зейнетке шыққанға дейін арнаулы әлеуметтік төлем алады.
БЖЗҚ деректері бойынша арнаулы әлеуметтік төлемді тағайындау үшін міндетті шарттарды ескере отырып, аталған төлемді алуға 2024 жылы 37 мыңнан астам жұмыскер құқылы болды, жалпы төлемнің орташа мөлшері 208 мың теңгеден асады. Әрбір жұмыскер үшін төлем мөлшері БЖЗҚ-дағы жинақтарына байланысты болады.
Әлеуметтік кодекске сәйкес жұмыс берушілер кәсіптері мен қызмет түрлері Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлердің, өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің тізбесіне енгізілген жұмыскерлер үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударады, олардың 2,3 мыңнан астам позициясы бар. Осылайша, арнаулы әлеуметтік төлемді экономиканың 17 саласында, оның ішінде тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінде және өзге де салаларда жұмыс істейтін қазақстандықтар ала алады.
Ұқсас жаңалықтар
Елімізде 12 мың шақырым жол-құрылыс жұмыстары жүргізілді
- авторМағжан Орынбасар
- Бүгін, 15:05