Елімізде алғаш рет педагогтерге арналған психологиялық қолдау кабинеті ашылды
- авторБақытжан Бекболат
- 29 қазан, 2025
- 227
Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы педагогтердің тұрақты кәсіби дамуын және менталдық саулығын қолдауға бағытталған жаңа маңызды бастаманы жүзеге асыра бастады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Түркістан мен Ақтөбе облыстарындағы орталық филиалдарда алғаш рет мұғалімдерге арналған психологиялық қолдау кабинеттері ашылды.
Бұл пилоттық жоба ұстаздардың психологиялық саулығын нығайтуға, кәсіби күйзеліс пен стресс деңгейін төмендетуге бағытталған. Кабинеттерде тәжірибелі психологтар жеке және топтық кеңес береді, релаксация мен арт-терапия сабақтарын өткізеді, түрлі тренингтер мен психологиялық диагностика ұйымдастырады.
Мұғалімдер бұл қызметтерді «Өрлеу» орталығында біліктілікті арттыру курстарынан өткен кезде тегін пайдалана алады. Барлық жұмыс этикалық қағидаларға, еріктілікке және құпиялылыққа негізделген.
Жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда, алдағы уақытта осындай кабинеттер еліміздің өзге өңірлерінде де ашылатын болады.






