Елімізде құны 103 млрд теңге болатын толық циклді биофармацевтикалық кешен салынады
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 17:09
- 44
Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Құжатта ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен «Khan Tengri Biopharma» ЖШС арасындағы «Алатау» арнайы экономикалық аймағында заманауи «Биофармацевтикалық толық циклді кешен салу» жөніндегі инвестициялар туралы келісім жобасы мақұлданды.
Нысан дәрілік заттар өндірісінің озық технологияларымен жабдықталады деп жоспарлануда. Негізгі мақсат – 58 препарат түрін шығаратын өндіріс қуатын құру. Толық циклді іске қосуға, оның ішінде белсенді фармацевтикалық ингредиенттер өндіруге ерекше назар аударылады.
Кешеннің өндірістік портфеліне 27 халықаралық патенттелмеген атауы бар, соның ішінде онкологиялық, аутоиммунды, сирек және қабыну ауруларын емдеуге арналған препараттар кіреді.
Инвестициялардың жалпы көлемі 103 млрд теңгеден асады. Кешенде 180-нен астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады.
Жобаны жүзеге асыру еліміздің фармацевтика саласын дамытуда стратегиялық маңызға ие және локализацияны кеңейтуге, орнықты өндірістік базаны қалыптастыруға, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар препараттардың импортын кезең-кезеңімен алмастыруға бағытталған. Одан бөлек, шығарылатын өнімнің бір бөлігін ЕАЭО, ТМД елдерінің, сондай-ақ Таяу Шығыс мемлекеттерінің нарықтарына экспорттау жоспарланып отыр.





