Гүлдара Нұрымова: «Медицинадағы НДС – азаматтардың денсаулығына салынған салық»
- авторБақытжан Бекболат
- 9 сәуір, 2025
- 194

Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова денсаулық сақтау саласына қосылған құн салығы енгізу мәселесін қайта қарауға шақырды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Депутаттың пікірінше, мемлекеттік кепілдік берілген тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясындағы қызметтер – бұл халықты әлеуметтік жағынан қорғауға бағытталған шаралар. Ал қазіргі тарифтік жүйе пайда табуға емес, тек шығындарды өтеуге құрылған. Медициналық қызметтердің өзіндік құнының 80 пайыздан астамы жалақы мен дәрі-дәрмекке жұмсалады.
Оның айтуынша, НДС енгізілсе, бұл мемлекет шығынын 330 миллиард теңгеге арттырады. Бұл ретте Үкіметтің Денсаулық сақтау министрлігі алдындағы қарызы қазірдің өзінде 571 миллиард теңгеге жеткен.
Нұрымова МӘМС жүйесі енгізілген бес жылда медициналық қызметтердің нақты өзіндік құнын есептеу әдістемесі әлі де әзірленбегенін еске салды. Бағалар инфляцияға сәйкес индексацияланбаған, ал медициналық ұйымдардың берешегі 2025 жылдың басында 80 миллиард теңгеден асқан. Бұған қоса, ОСМС қоры тарапынан қаржыландыру кешігіп түсіп жатыр: 2025 жылдың бірінші тоқсанында тек қаңтар айының төлемі ғана жасалған.
Депутаттың айтуынша, егер қызмет бағасы өссе, азаматтар дер кезінде емделуден бас тартуы мүмкін. Бұл өз кезегінде кезектердің көбейіп, көлеңкелі медициналық қызметтердің артуына және халық денсаулығының нашарлауына әкеледі. Ол сондай-ақ, дамыған елдердің 91 пайызында медициналық қызметтерге НДС салынбайтынын атап өтті – бұл халықаралық тәжірибеде қалыптасқан норма.
«Аурудың алдын алу – оның салдарын емдеуден әлдеқайда арзан. ҚҚС енгізу – денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығына соққы болып тиеді, әрі 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарының мақсаттарынан ауытқу қаупін тудырады», – деді Нұрумова. Ол бұл мәселені қайта қарап, медициналық салаға беріліп келген салықтық жеңілдіктерді сақтауға шақырды.
Ұлттық экономика министрі, Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин депутат Нұрымованың сауалына жауап беріп, Қазақстан халқының басым бөлігі қазірдің өзінде мемлекет есебінен емделіп жатқанын атап өтті.
"Нақты айтқанда, бұл жүйе бүгінде бір-бірімен араласып кеткен. Барлық медициналық қызметтер іс жүзінде мемлекет қаржысы есебінен көрсетіліп отыр. Ақшасы бар азаматтар шетелде емделуді таңдайды, ал Қазақстанда ем қабылдап жүргендердің басым бөлігі мемлекеттік қолдау аясында емделеді. Сондықтан НДС бұл жерде қолданылмайды. Осы тұрғыдан алғанда, салықтық ауыртпалық туралы алаңдауға негіз жоқ. Мен бұл мәселеге қатысты алаңдаушылықты түсінбеймін", – деді Жұманғарин.