Келер жылдан бастап алғаш рет жеке куәлік алу тегін болады
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 09:35
- 149
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан азаматтары жеке куәлікті алғаш рәсімдегенде және оның жарамдылық мерзімі аяқталған соң ауыстырғанда мемлекеттік баж төлемейді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл бастама құжат рәсімдеу үдерісін жеңілдетіп, азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтуға бағытталған.
«Жеке куәлік алғаш рет берілген кезде тегін болады. Сонымен қатар оның қолданылу мерзімі аяқталған соң ауыстырылған жағдайда да мемлекеттік баж алынбайды», – деді Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықов.
Жыл басынан бері берілген құжаттар саны:
1,9 млн жеке куәлік;
1,1 млн паспорт;
303 мың балалар паспорты.
Биыл құжат алған ең жасы үлкен қазақстандық – Қостанай қаласының 1915 жылы туған тұрғыны.
Комитет өкілдерінің айтуынша, авиациялық қауіпсіздік бойынша жүргізілген кешенді аудит нәтижесінде Қазақстан паспортының ИКАО халықаралық стандарттарына сәйкестік деңгейі 95,7% болды. Бұл көрсеткіш әлемдік орташа деңгейден (72%) және Еуропадағы орташа көрсеткіштен (87,9%) жоғары.






