Ұлытау облысында 3,7 млрд теңгені құрайтын заңсыз мемлекеттік сатып алу конкурстары жойылды
- авторМағжан Орынбасар
- 27 мамыр, 2024
- 422
Ұлытау облысының прокуратурасы ағымдағы жылдың басынан жалпы сомасы 3,7 млрд теңгені құрайтын 12 мемлекеттік сатып алудың күшін жойды, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Прокуратура мәлімдегендей, жергілікті атқарушы органдар конкурстарды жариялау кезінде тиісті сараптамалар жүргізбеген, жобалық-сметалық құжаттамалар болмаған және әлеуетті жеткізушілердің жағдайын нашарлататын талаптар көздеген.
Мысалы, Жезқазған қаласының экономика және қаржы бөлімі 1,9 млрд теңгеге автомобиль жолдарын күтіп ұстауға мемлекеттік сатып алу жариялаған. Бұл ретте тапсырыс беруші конкурстық құжаттамада заңда көзделмеген біліктілік талаптарын негізсіз қойған. Сонымен қатар, тапсырыс беруші бюджет заңнамасының талаптарын бұза отырып, 3 жыл мерзімге қала жолдарын күтіп ұстау туралы келісім шарт жасасуды жоспарлаған.
Алайда, мұндай жұмыстар мерзімі ағымдағы қаржы жылынан асатын шарттар тізіміне кірмейді. Басқа жағдайда, Ұлытау облысы Денсаулық сақтау басқармасының Облыстық психикалық денсаулық орталығы науқастарды тамақтандыру қызметін сатып алу кезінде қаржыны 17,2 млн теңгеге негізсіз жоғарылатқан.
"Прокурорлардың наразылығымен заңсыз мемлекеттік сатып алулар жойылып, 9 лауазымды тұлға тәртіптік, 17-сі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қадағалау қызметінің бұл бағыты Ұлытау облысы прокуратурасының үнемі ерекше бақылауында",- делінген хабарламада.