Жамбыл облысынан Олимп шыңын бағындырған спортшыға 3 бөлмелі пәтер беріледі
- авторИндира Тәліпқызы
- 27 мамыр, 2024
- 5.1k
Ел ішінде «Жамбыл облысы – чемпиондар ұстаханасы» деген сөз бар. Шынында, Жамбыл спортының жұлдызы әркез биік болған. Аймақтың спортшылары талай мәрте Олимп шыңын бағдырып, әлем чемпионаттарында Әнұранымызды асқақтатып, көк байрағымызды биіктеткен, Міне, 2 айдан кейін 4 жылдықтың басты бәсекесі – Париж Олимпиадасы басталады. Жамбылдың спортшылары бұл байрақты бәсекеде топ жара ала ма? Бүгінгі Жамбыл спортының беталысы қандай? jambylinfo.kz тілішісі осы сұрақтарға жауап іздеді.
20 жылдан бері Жамбылға Олимпиданың алтыны бұйырмай тұр
Қазақ спортының тарихындағы Олимпиаданың алғашқы чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтен бастап, боксшы Серік Қонақбаев, Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов, Ислам Байрамуков пен Болат Жұмаділов, Бақтияр Артаев, Елдос Сметовтердің есімі қазақ спортында алтын әріптермен жазылды. Алайда кейінгі 20 жылда Жамбыл жеріне Олимпиданың алтыны бұйырмай тұр. Сонау 2024 жылы Афины Олимпиадасында боксшымыз Бақтияр Артаев алтын медальмен қоса, үздік боксшыға берілетін «Баркер» кубогын қанжығасына байлаған еді. Міне, арада 20 жыл өтті. Жамбыл облысының спортшылары, соның ішінде былғары қолғап шеберлері алтын медалға қол жеткізе алмай келеді. Даңқты боксшымыз Бақтияр Артаевқа хабарласып, боксшыларымыздың бет алысын, Олимпиадаға дайындығын сұрадық.
«Өздеріңіз білесіздер, мен спорттан қол үздім. Қазір жеке кәсіпкермін. Бірақ спорт үшін, соның ішінде бокс үшін бүйрегім бұрып тұратынын жасырмаймын. Иә, биыл Жамбыл жеріне Олимпиаданың алтыны бұйырмай тұрғанына тура 20 жыл толады. Бірақ осы жылдарда Олимпиада ойындарына жерлестеріміз Ғайни Жайлауов, Олжас Сәттібаев, Әбілхан Аманқұл барды. Енді міне, бокстан Қазақстан құрамасының капитаны Асланбек Шымбергенов бара жатыр. Жақсылыққа сенетін халықпыз ғой. Құдай қаласа, Асланбек бауырыма менің жолымды берсін! Қазақ еліне, Жамбыл жеріне Олимпиаданың алтынын сыйлайды деп сенемін және шын жүрегіммен тілектеспін»,-деді Бақтияр Артаев.
«Париж-2024» XXXІІІ жазғы Олимпиадасына қанша спортшы барады
Жамбыл облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының таратқан мәліметіне сүйенсек, «Париж-2024» XXXІІІ жазғы Олимпиада және XVIІ жазғы Паралимпиада ойындарына Жамбыл облысының 6 спортшысы лицензия ұтып алған. Атап айтқанда, бессайыстан Георгий Борода-Дудочкин, бокстан Әлем чемпионы, Азия чемпионы Асланбек Шымбергенов, еркін күрестен U-23 Әлем чемпионатының қола жүлдегері, U23 Азия чемпионы, Токио-2020 олимпиадасына қатысушы Әлішер Ерғали, пара жүзуден Токио-2020 паралимпиада ойындарының қола жүлдегері Жұмағали Нұрдаулет және пара таеквондодан екі дүркін Әлем чемпионы Өмірәлі Нышан және дзюдодан Азия чемпионы Данияр Шамшаев. Сондай-ақ, әлі де лицензия алуға үміткер 5 спортшы бар.
Ол үміткерлердің қатарында, екі дүркін Олимпиада ойындарының жүлдегері, Әлем чемипионы дзюдошы Елдос Сметов, Тблисиде өткен әлемдік «Grand Slam» турнирінің жеңімпазы Нұрқанат Серікбаев, «Grand Slam» халықаралық турнирінің екі дүркін қола жүлдегері Ғалымжан Қырықбай, Паралимпиада чемпионы Зульфия Габидулина, пара пауэрлифтингтен жастар арасында екі дүркін Әлем Кубогының иегері Ерболат Кәрібай, пара жеңіл атлетикадан Әлемдік серияның қола жүлдегері Салтанат Әбілқасымқызы сияқты спортшыларымыз бар.
Жамбыл облысы Олимпиада чемпионына қандай сый береді
Спортшы Олимпиада чемпионы атанған жағдайда облыс тарапынан «Олимпиадалық, Паралимпиадалық және Сурдлимпиадалық ойындардың чемпиондары мен жүлдегерлеріне тұрғынжай беру және оны пайдалану қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 20 сәуірдегі № 97 бұйрығына сәйкес 3 бөлмелі пәтер беріледі. Сонымен қатар, 2017 жылғы 27 қарашасындағы Жамбыл облысы әкімдігінің №262 қаулысына сәйкес Олимпиада ойындарына дейін 727 АЕК көлемінде ай сайынғы ақшалай жабдықталым төлемдері төленеді.
Аймақтағы бұқаралық спорттың жай-күйі қалай
2023 жылдың қорытындысы бойынша облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданатындар қатары 492,0 мың адамға немесе облыс тұрғындарының 40,2%-ға жеткен. Ал, 2024 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша спортпен жүйелі түрде бетбұрған адамдардың қатары 493,5 мың адамды немесе облыс тұрғындарының 40,4 %-ын құрады. Облыста бұқаралық спортты дамыту мақсатында 280 нұсқаушы штаттық бірліктері енгізіліп, жұмыс істеп жүр. 2023 жыл басынан 3 908 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 282,3 мың адам тартылған.
«Әрине, спорттың жағдайы мен дамуы қажетті спорттық инфрақұрылымның болуына байланысты. 2023 жылы 23 спорт нысан салынды, 10 спорт нысаны қолданысқа берілді. Ал, қалған 13 спорт кешенінің құрылысы 2024 жылы аяқталады. Сонымен қатар, облыс бойынша 71 спорт алаңшасы қолданысқа берілді»,-деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының орынбасары Нұржан Жолдасбеков.
Облыстың спорт басқармасының жылдық бюджеті қандай
Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы бағынысында барлығы 53 спорт ұйымдары, атап айтқанда, 2 спортты олимпиадалық және олимпиадалық емес түрлері бойынша дамыту дирекциялары, жоғарғы спорт шеберлігі мектебі, дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубы, 5 кәсіпқой спорт клубы, облыстық мамандандырылған спорттағы дарынды балалар мектеп-интернаты, олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығы, бұқаралық-спорттық шараларды өткізу орталығы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Тараз-Арена спорт сарайы, орталық стадион мен 39 балалар-жасөспірімдер спорт мектептері бар. 2024 жылға басқармаға барлығы 15,3 млрд. теңге бөлінген.
Ұқсас жаңалықтар
Жамбылда балаларға арналған Президент шыршасы өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 24 желтоқсан, 2024
Бүгін Бауыржан Момышұлының туғанына 114 жыл толды
- авторМағжан Орынбасар
- 24 желтоқсан, 2024