Қаңтардың 3-нен 4-не қараған түні Ұлытау облысында Бостұмсық ауылының маңында жылқы іздеуге шығып, уақытында оралмаған үш ер адамға қатысты іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жоғалған азаматтар 1997, 1972 және 1968 жылы туған.
Іздестіру жұмыстарына Төтенше жағдайлар министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың және полиция департаментінің күштері мен құралдары жедел түрде жұмылдырылды. Қиын өтімділік жағдайына қарамастан, құтқарушылар қар басып қалған жолдарды тазалап, іздестіру топтарының қозғалысын қамтамасыз етті. Сонымен қатар ұшқышсыз ұшу аппараты пайдаланылды.
Шамамен 5 сағатқа созылған іздестіру нәтижесінде жоғалғандар Қаракеңгір ауылынан 30 шақырым қашықтықтан табылды. Олардың жағдайы қанағаттанарлық, медициналық көмек қажет болмады.






