«Рекордты көрсеткіш». Диқандарды жеңілдетілген несиелеу көлемі 580 млрд теңгеге жетті
- авторМағжан Орынбасар
- 23 шілде, 2024
- 349
Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы өнімдерін ұлғайту бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың 6 айында ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 3,4%-ға артып, 1,6 трлн теңгені құрады. Мал шаруашылығы өнімінің нақты көлем индексі (НКИ) 103,5%, өсімдік шаруашылығының НКИ 103% құрады. 11,6% деңгейінде жоспарланған көрсеткішке қол жеткізу егін жинау жұмыстары аяқталғаннан кейін 2 жартыжылдықта қамтамасыз етілетін болады.
- «Біздің жұмысымыздың маңызды бағыты – 2024-2028 жылдарға арналған Жол картасының сапалы әрі уақытылы орындалуы. Мұнда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру көзделген. Биыл бұл жоспар 111%-ды құрайды. 6 айдың қорытындысы бойынша өсім 103%-ды көрсетті. Дегенмен, өсімдік шаруашылығының тиімділігін күзде көретін боламыз. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша саланы дамыту үшін барлық қажетті жағдай жасалды. Қазақстан өзін негізгі азық-түлік өнімдерімен толық қамтамасыз ете отырып, экспортты да дамытуы керек. Үкімет осыған қажетті барлық ресурстарды бөлетін болады. Ауыл шаруашылығын дамыту – менің жеке бақылауымда тұратын басым бағыт», — деп Олжас Бектенов, Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, Жол картасының индикаторларына қол жеткізу үшін жан-жақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Қазақстандағы жалпы егіс алаңы 2024 жылы 23,8 млн га құрады. Биылғы әртараптандыру жоспарларына толық қол жеткізілді. Мәселен, бидай алаңы 450,3 мың гектарға қысқарды, майлы дақылдар 608 мың гектарға, қант қызылшасы 9,4 мың гектарға ұлғайтылды. Суды көп тартатын дақылдар алаңдары: күріш 6,9 мың гектарға, мақта 16 мың гектарға азайтылды.
Қызылорда облысында Жол картасын орындаудағы оң нәтижелер атап өтілді. Өңірде күріштің егіс алқаптарын азайту және су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша индикатор асыра орындалды. Облыс минералды тыңайтқыштарды енгізу бойынша жоспарды 100% орындады.
Саланы қолдау мақсатында шаруалар үшін биыл қаржыландыру арналары, оның ішінде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды тарту есебінен барынша кеңейтілді. Қаржы институттарын тікелей субсидиялау және агроөнеркәсіп кешені субъектілерінің қарыздарына кепілдік беру мүмкіндіктері енгізілді.
Үкімет басшысы диқандарды жеңілдетілген қаржыландырумен қамтуды, оның ішінде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы қамтуды 100%-ға дейін жеткізу қажеттігін атап өтті.
Биыл көктемгі егіс жұмыстары мен ауыл шаруашылығы техникаларының лизингіне ауқымды қаражат бағытталды. Жеңіл шарттармен кредит беру көлемі бірінші рет 580 млрд теңгеге жеткізілді. Бұған дейін бұл көрсеткіш 180 млрд теңгеден асып көрмеген. Қабылданған шаралар егіншілердің барлық қажетті агротехникалық іс-шараларды толық көлемде жүргізуіне мүмкіндік берді. Бұл ретте диқандар пайдаланатын элиталық тұқымдардың үлесі 7,1%-дан 9%-ға дейін өсті.
6 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласына 410 млрд теңге инвестиция тартылды. Биылға жоспарланған көлем 1,7 трлн теңгені құрайды. Үкімет басшысы Басымдық берілген инвестициялық жобалардың іске асырылуына сапалы мониторинг пен бақылау қажеттігін атап өтті.
Мәселен, 2023 жылы 679 мың тонна тыңайтқыш енгізілсе, 1 жартыжылдықта фермерлер 1,1 млн тонна сатып алды. Олжас Бектенов минералды тыңайтқыштарды қолдану деңгейін жыл сайын 1,5 млн тоннаға дейін жеткізу қажет екенін атап өтті.