"Шешім өзгермейді": Мұғалімді балағаттағаны үшін НЗМ-нен шығарылған оқушы қайта қабылданбайды
- авторБақытжан Бекболат
- 28 мамыр, 2025
- 345

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Алматыға Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасын жіберді. Ол Назарбаев Зияткерлік мектебінің басшылығымен, министрлік өкілдерімен, бала құқықтары жөніндегі уәкілмен және қоғамдық кеңес мүшелерімен бірге оқушы мен оның ата-аналарымен, сондай-ақ мұғалімдермен кездесті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Министрлік таратқан мәліметке сәйкес, кездесу ашық және сындарлы форматта өтіп, жағдай жан-жақты қаралған. Болашақ оқу жолдары талқыланып, барлық шешімдер заңнама аясында қабылданған.
"Оқу-ағарту министрлігі мұғалімді құрметтеу мен оның кәсіби пікіріне сенім білдіру — білім беру ортасының ажырамас бөлігі екенін атап өтеді", – делінген министрлік хабарламасында.
"Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымының басқарма төрағасы Ануар Жанғозиннің айтуынша, мектептің ұстанымы өзгермейді – оқушы мектептен шығарылды және мемлекеттік мектепке ауыстырылды. Оның сөзінше, ата-аналар бұл шешімге қарсы емес.
"НЗМ әрқашан оқушылармен қарым-қатынаста құрмет пен түсіністікке негізделген қағидаларды ұстанады. Бірақ мұғалімге деген сыйластық мәселесінде мектеп ұстанымы – қатаң", – деді Жанғозин.
11-сынып оқушысы тоқсандық қорытынды бағалау кезінде академиялық адалдық талаптарын бұзып, телефон пайдаланған. Мұғалім белгіленген тәртіп бойынша құрылғыны алып қойған. Алайда оқушы ашуға беріліп, ұстазға ауыр әрі балағат сөз айтқан.