Түркістан облысында Шардара топтық су құбырының құрылысы 70%-ға аяқталды
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 09:52
- 67
Түркістан облысында Шардара қаласының 30 мың тұрғынын жерасты көздерінен алынатын ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған Шардара топтық су құбырын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жоба аясында жалпы ұзындығы 39,3 км болатын құбыр салу көзделген, оның ішінде бүгінде 27 км немесе 68,7% салынды. Сондай-ақ қуаты 380 кВт болатын трансформатор орнатылады. Жұмыстарды жыл соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.
«Шардара-Байырқұм» кен орнындағы жерасты суының бекітілген қоры тәулігіне 49,2 мың текше метр. Су құбырының қуаты тәулігіне 12 мың текше метр. Жобаны іске асыру Шардара қаласын сапалы және үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.
Естеріңізге сала кетейік, былтырдың қорытындысы бойынша Су ресурстары және ирригация министрлігі жоспарланған 9 жобаның орнына 15 топтық су құбырын реконструкциялау және жаңғырту жобасын аяқтады. Нәтижесінде 514 000 адам тұратын 277 елді мекен орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілді және оның сапасы жақсартылды. Оның ішінде 73 елді мекен немесе 115 500 адам бұрын орталықтандырылған суға қол жеткізе алмаған.
Биыл 142 ауылдық елді мекенді немесе 540 мыңға жуық адамды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін 12 жобаны аяқтап, пайдалануға беру жоспарда бар.






