Құқық бұзушылықтардың алдын алу тиімділігін арттыруға бағытталған цифрлық трансформация жалғасуда - Прокуратура
- авторМағжан Орынбасар
- Бүгін, 17:27
- 28
Бас Прокурор Берік Асылов есепті кезеңде прокуратура органдарының қызметі заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға, азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғауға, сондай-ақ ауқымды цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні енгізуге бағытталғанын атап өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл бағыттар Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев ел дамуының стратегиялық бағдары ретінде айқындаған «Әділетті Қазақстанды» қалыптастыру жөніндегі жүйелі саясаттың ажырамас бөлігі болып табылады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес прокуратура органдары жүйесінде құқық бұзушылықтардың алдын алу тиімділігін арттыруға бағытталған цифрлық трансформация жалғасуда.
Осы жұмыста Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің жаңартылған функционалы маңызды рөл атқаруда. Комитет құрылымында қылмыстық қатерлерді болжау орталығы жұмысын бастады. Ол қағидаттық тұрғыдан жаңа — уақтылы алдын алу моделіне негізделіп, деректерді терең талдауға, қоғамдық қауіпсіздікке төнетін ықтимал қатерлерді болжауға және қылмыстық тәуекелдер туындағанға дейін алдын алу шараларын әзірлеуге бағытталған. Атқарылған талдау нәтижелері бойынша мемлекеттік органдарға сыртқы қылмыстық қауіп-қатерлерге қатысты оларды бейтараптандыру жөніндегі ұсыныстармен бірге 28 нысаналы материал жолданды. Жалған ақпараттың таралуына қарсы іс-қимыл дербес бағыт ретінде айқындалды.
Бұл жұмыс Бас прокуратураның Ситуациялық орталығы арқылы тәулік бойы жүзеге асырылып, ақпараттық кеңістікті тұрақты бақылау қамтамасыз етіледі. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жалған мәліметтердің таралуын анықтауға және талдауға мүмкіндік беретін заманауи бағдарламалық өнімдер, сондай-ақ мұндай фактілерге жедел ден қою және жолын кесу алгоритмдері әзірленді.
Бас Прокурор медиакеңістікті мониторингтеуді күшейту және ақпараттық қатерлерге жедел әрекет ету бойынша нақты бағдарлар белгіледі. Бұған дейін Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың цифрлық әлеуетін жүйелі түрде арттыру қажеттігіне назар аударған болатын. Бұл — мемлекеттік платформалар мен деректер базаларын біріктіру, сондай-ақ азаматтарды цифрлық ортада жалған ақпарат пен фейктерден қорғау жөніндегі кешенді шараларды қабылдауды қамтиды. Жүзеге асырылып жатқан барлық бастамалар заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттарына, сондай-ақ «Заң мен тәртіп» идеологемасына толық сәйкес келеді.





