Жұмысшы мамандықтары жылына қандай іс-шаралар жоспарланған
- авторМағжан Орынбасар
- 8 қаңтар, 2025
- 78
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ҚР Үкіметінің отырысында Мемлекет басшысының Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында 2025 жылға жоспарланған іс-шаралар кешені туралы айтты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Министр сөз басында жұмысшы мамандықтары қазақстандық еңбек нарығының негізі болып қала беретінін атап өтті. 4,8 миллион адам немесе барлық жұмыс істейтін азаматтың 52%-ның кәсіптік немесе техникалық білімі бар. Бұл 2,3 миллионға жуық адам, олар 2,2 мың жұмысшы мамандығы бойынша жұмыс істейді. Мұндай мамандарға деген жоғары сұраныс көптеген бос жұмыс орындарымен расталады – өткен жылы 270 мыңнан астам бос жұмыс орнын құрады. Жұмысшы кадрлар көлік, сауда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы сияқты салаларда көбірек сұранысқа ие.
«Актуарлық модельдер негізінде әзірленген болжамдарымыз алдағы жылдары жұмысшы кадрларға деген қажеттілік тек арта түсетінін көрсетеді. Алдағы 6 жылда кадрларға жиынтық сұраныс 1,6 млн адам деп жоспарлануда, оның ішінде кәсіптік-техникалық білімі бар жұмыскерлерге жартысынан астамы тиесілі, олардың 400 мыңға жуығы жұмысшы мамандықтары болып табылады. Оларға мамандандырылған техниканың жүргізушілері, сантехниктер, дәнекерлеушілер, құрылыс мамандықтары мен техникалық бағыттағы жұмысшылар жатады», – деді Светлана Жақыпова.
Оның айтуынша, кадрларды даярлауды, оның ішінде жұмысшы мамандықтарды тиімді жоспарлау мақсатында жобалардың Инновациялық навигаторы әзірленген.
«Платформа қазірдің өзінде кадрларға деген қажеттілікті болжауға, сондай-ақ еңбек нарығының сұраныстарын ТжКБ ұйымдарында мамандар даярлаумен үндестіруге мүмкіндік береді. Жұмыс орындарын құру көрсеткіштері, еңбекақы қорының мөлшері, жалақыны уақтылы төлеу және әлеуметтік аударымдар негізінде біз жобалардың тиімділігін бағалауды жүзеге асыра аламыз. Бүгінде 150 мың жұмыс орнын құратын 755 инвестициялық жобаға мониторинг жүргізілуде», – деді Светлана Жақыпова.