сенбі, 31 қаңтар, 2026 13:38

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жаңа Конституция: адам құқықтары – мемлекеттің басты басымдығы

Жаңа Конституция: адам құқықтары – мемлекеттің басты басымдығы
gov.kz
Ата Заңға енгізілген өзгерістер Конституцияның барлық бөлімдерін қамтып, 77 бапқа түзетулер енгізілді. Бұл қолданыстағы Конституция мәтінінің шамамен 84 пайызын құрайды.

Жарияланған жаңа Конституция жобасының Преамбуласында адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің басты басымдығы ретінде айқындалды. Аталған қағидат Конституцияның бүкіл мазмұнында жүйелі түрде көрініс тапқан.

«Негізгі құқықтар, бостандықтар және міндеттер» бөліміне қатысты нормаларды әзірлеу барысында Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы, Қазақстан ратификациялаған халықаралық пактілер мен өзге де жалпыға танылған халықаралық құқықтық құжаттардың талаптары жан-жақты ескерілді. Нәтижесінде адам мен азаматтың жеке, әлеуметтік-экономикалық және саяси құқықтарының мазмұны кеңейтіліп, олардың іске асырылуы мен қорғалуына берілетін кепілдіктер едәуір күшейтілді.

Жаңа Конституцияда адамның негізгі құқықтарын қорғауға ерекше басымдық берілген. Атап айтқанда, өмір сүру құқығының абсолюттілігі, жеке тұлғаның қол сұғылмаушылығы, цифрлық дәуір жағдайында жеке деректерді қорғау, сондай-ақ «Миранда ережесінің» енгізілуі заң жүзінде бекітілді.

Сонымен қатар Конституция жобасында сөз бостандығы, ғылыми, техникалық және шығармашылық еркіндік, интеллектуалдық меншік құқықтарын қорғау мәселелері де қамтылған.

Бұдан бөлек, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселесіне айрықша көңіл бөлінген. Жобада дін мен мемлекеттің бөліну қағидаты нақты бекітіліп, рухани және діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты жарияланды.

Сондай-ақ некенің ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы екені туралы норма енгізілді. Бұл ұстаным әйелдердің құқықтарын қорғауға және дәстүрлі құндылықтарды нығайтуға бағытталған.

Жалпы алғанда, Конституция жобасы – жарты жыл бойы белгілі заңгерлердің, сарапшылар қауымдастығы мен депутаттардың бірлескен, қажырлы еңбегінің нәтижесі. Енгізілген ұсыныстар Конституцияның барлық бөлімдерін қамтып, 77 бапқа өзгеріс енгізілуімен ерекшеленеді.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар